«Самұрық-Қазына» қоры «Барыс» хоккей клубын қаржыландырып отыр
«Барыс» командасының бас бапкері Михаил Кравец «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты пікір білдірді.
КХЛ аясында «Адмиралды» 4:2 есебімен жеңгеннен кейін журналистер бапкерден бұл жағдайдың команда ішінде талқыланған-талқыланбағанын және «Барыстың» қаржыландыруына қатысты алаңдаушылық бар-жоғын сұрады.
Кравец команданың бұл жаңалықтан ойынға аз уақыт қалғанда хабардар болғанын айтты.
«Біз бұл жерде не болып жатқанынан хабарсыз болдық. Егер білгенде, чемодандарды лақтырып жатқан жерге бәріміз барып қалар ма едік. Бәлкім, сол дұрыс болар еді. Ал біз жаттығуға кеттік. Сондықтан сәл басқа жаққа бет алған сияқтымыз. Ойын алдында маған осы жағдайды айтып берді. Мен де: "Біз басқа іспен айналысып жүр екенбіз, чемодандарды қағып алу керек еді" дедім. Енді бәрі жақсы болады, демеушілеріміз табылады деп үміттенемін. «Барыстың» жағдайы да алдағы уақытта жақсы болады деп сенемін», – деді Михаил Кравец.
Бас бапкер клуб үшін демеушілер мен жанкүйерлер қолдауының маңызды екенін де атап өтті. Оның айтуынша, «Барыс» – Құрлықтық хоккей лигасындағы Қазақстанның жалғыз өкілі.
«Бізге демеушілердің қолдауы қажет. Ең бастысы, бұл тек команданың мәселесі емес. Команда бар, белгілі бір деңгейде ойын көрсетеді, соның арқасында адамдар хоккейден ләззат алады. Бұл қаражат тек ойыншыларға ғана емес, матчтарға келетін жанкүйерлер үшін де қажет. Бүгінгі қолдаулары үшін оларға алғыс айтамын. Жеңіске жетіп, жанкүйерлерге жағымды эмоция сыйлағанымызға қуаныштымын», – деді бапкер.
Еске салайық, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыповты, «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Елжас Отышиевті және өзге де тұлғаларды ұстаған. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді.
Ашық деректерге сәйкес, «Самұрық-Қазына» қоры «Барыс» хоккей клубын қаржыландырудың негізгі бөлігін қамтамасыз етеді. Sport Qory мәліметінше, команданың жылдық бюджеті шамамен 9 миллиард теңгені құрайды.