1 тамызда Дублинде өткен жекпе-жектің соңғы қайғымен аяқталды
Ирландиялық кәсіпқой боксшы Ли Ривз 31 жасында өмірден өтті. Спортшы үш ай бұрын рингте ауыр жарақат алып, содан бері ауруханада жатқан, деп хабарлайды The Ring журналы.
Рингтен зембілмен алып шыққан
1 тамызда Дублинде Ли Ривз бен оның отандасы Гэри Калли арасында бірінші жартылай орта салмақтағы BUI Celtic бос чемпиондық белбеуі үшін жекпе-жек өтті.
Кездесудің оныншы раундында Ривз нокаутқа түсіп, есінен танып қалған. Оны рингтен зембілмен алып шығып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізді.
Боксшы басынан ауыр жарақат алып, ота жасатты. Дәрігерлер оны жасанды комаға енгізіп, жағдайын ауыр әрі тұрақты деп бағалады. Кейін спортшы ұзақ уақыт ем қабылдауға мәжбүр болды. Қазан айында Ривз отбасы мен достарына жақын болу үшін Лимерик университетінің ауруханасына ауыстырылды.
Операциядан кейін боксшының жағдайында аздаған оң өзгерістер байқалғанымен, өткен демалыс күндері ол қайтадан инфекция жұқтырған. RTE телеарнасы мен жергілікті БАҚ мәліметінше, осы асқыну оның өліміне тікелей себеп болуы мүмкін. Ли Ривз 16 қарашада жақындарының ортасында көз жұмды.
Боксшының қазасы туралы алғашқылардың бірі болып оның досы әрі бұрынғы жаттықтырушысы Джонатан О'Брайен хабарлады. Ол соңғы айларда спортшының денсаулығы туралы тұрақты ақпарат таратып, емделуіне қаражат жинау науқанын ұйымдастырған.
«Қош бол, ұлым. Жаның тыныштық тапсын. Сен соңына дейін бар күшіңмен күрестің. Біз сені қатты жақсы көреміз. Аспан қақпасында анаң мен бауырың сені күтіп тұр. Әпкелерің мен әкеңе қамқор бол, оларға осы қайғыны еңсеруге күш бер. Біз сені жақсы көреміз, Ли», – деп жазды О'Брайен әлеуметтік желідегі парақшасында.
Queensberry промоутерлік компаниясы да боксшының отбасына көңіл айтты. Компания Ривзді талантты спортшы, өзгелерге үлгі болған және айналасындағыларға шабыт сыйлаған азамат ретінде еске алды. Оның соңғы қарсыласы Гэри Калли де марқұмды жарқын мінезді, нағыз джентльмен болғанын айтып, еске алды.
Ли Ривз Ирландияның Лимерик қаласында дүниеге келген. Кәсіпқой бокстағы мансабын 2018 жылы бастаған. Осы уақыт ішінде ол 18 жекпе-жек өткізіп, 16 рет жеңіске жеткен. Оның 11-і нокаутпен аяқталса, екі кездесуде жеңіліс тапқан. Кәсіпқой боксқа ауысқанға дейін Ривз әуесқойлар арасында бес рет ел чемпионы атанған.
Спорттан бөлек, ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан. Боксшы суицидтің алдын алуға бағытталған Limerick Treaty Suicide Prevention ұйымының елшісі әрі еріктісі болған.
Сонымен қатар Шеннон өзені жағалауындағы кезекшілік жұмыстарына қатысып, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектескен.
2024 жылы әскери дайындықтан өткен Ривз Ирландия армиясының 12-батальонында қызмет еткен. Сондай-ақ 2023 жылы BBC арнасында көрсетілген Survivor UK реалити-шоуына қатысқан.
Тамыздағы жекпе-жектен кейін Лимерик тұрғындары спортшының еміне көмектесу үшін бірнеше қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Нәтижесінде медициналық шығындарды өтеуге 126 мың еуродан астам қаражат жиналды.
«Бүгін Ли Ривздің қазасына байланысты Лимерик қара жамылды. Ол тек спорттық мансабында жетістікке жеткен боксшы ғана емес, сонымен қатар психикалық денсаулық мәселесіне және оның жастарға әсеріне қоғам назарын аударған азамат еді. Ол Лимерикті және оның тұрғындарын шексіз жақсы көрді», – деді спортшының отбасына жақын қалалық және округтік кеңес депутаты Кэтрин Слэттери.