Бибісара Асаубаева әлемнің бұрынғы чемпионы Магнус Карлсенмен ойнайды

Төрт топтың жеңімпазы ғана чемпиондық атақ үшін күресті жалғастырады

Xinhua
Xinhua

Будапештте өтіп жатқан Total Chess Pilot 2026 халықаралық шахмат турнирінің топтық кезеңі аяқталды. Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева өз тобында бесінші орын алып, плей-офф кезеңінде әлемнің бұрынғы чемпионы Магнус Карлсенмен кездесетін болды.

Топтық кезеңнің соңғы, бесінші турында Асаубаева француз гроссмейстері Максим Вашье-Лагравпен екі партия өткізді. Алғашқы ойында қазақстандық шахматшы жеңіліп қалса, екінші партия тең нәтижемен аяқталды.

Осылайша, Бибісара Асаубаева топтық кезеңде 10 ұпай жинап, D тобында бесінші орынға тұрақтады. Ол екі рет жеңіске жетіп, төрт партияда тең түсті және төрт кездесуде жеңіліс тапты. Қазақстандық шахматшы қорытынды кестеде тек үндістандық Вайшали Рамешбабудан жоғары орналасты.

Турнир ережесіне сәйкес, төрт топтың жеңімпазы ғана чемпиондық атақ үшін күресті жалғастырады. Олар – француздар Максим Вашье-Лаграв пен Алиреза Фирузджа, америкалық Фабиано Каруана және нидерландтық Аниш Гири.

Қалған қатысушылар топтағы орындарына қарай плей-офф кезеңінде өзара бақ сынайды. Бесінші орын алған шахматшылар 17–20-орындар үшін таласады. Осылайша, Асаубаева алғашқы кездесуде норвегиялық Магнус Карлсенмен шеберлік байқасады. Сондай-ақ бұл топта америкалық Эндрю Хонг пен бейтарап мәртебеде өнер көрсететін ресейлік Владислав Артемьев бар.

Бибісара Асаубаева Telegram-арнасында соңғы ойындарына қатысты пікір білдіріп, Карлсенмен кездесетінін күтпегенін айтты.

«Бүгін алғашқы партияда тең түсіп, екіншісінде жеңіліп қалдым. Бір сәтте қателік жібердім, шаршаңқырап та қалдым. Ертең көптен күткен демалыс күні, одан кейін Магнуспен матч ойнаймын. Турнирге дейін ата-анам Магнуспен кездесуім мүмкін бе деп сұраған еді. Мен жоқ деп жауап бердім. Өзім де, көпшілік те оның топтан бірінші-екінші, ең көбі үшінші орынмен шығатынын күтті. Сондықтан онымен бір топқа түсуім екіталай деп ойладым. Алайда мен де бесінші орынмен шықтым, ол да бесінші болды», – деді шахматшы.

Айта кетейік, Total Chess Pilot 2026 турнирінің плей-офф кезеңі 17–20 қараша аралығында өтеді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам