Қыздар мен ерлер боксы теңеседі. Еркекшора бокшылар. Ұлттық құрамадағы интирига

«Төрешілерге ренжудің қажеті жоқ»: Мырзағали Айтжанов лицензиялық турнирге бағасын берді

14.03.2024, 00:40
«Төрешілерге ренжудің қажеті жоқ»: Мырзағали Айтжанов лицензиялық турнирге бағасын берді
Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Италияда өткен лицензиялық турнирдің ұйымдастыруы мен төрешілер шешіміне қатысты өз пікірін айтты. Vesti.kz тілшісіне сұхбат берген маман жарысты жоғары бағалап отыр.

Айта кетейік, аталған турнирге Қазақстанның ерлер құрамасынан алты боксшы барып, олардың бесеуі Олимпиадаға жолдама алды. Бұған дейін аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевта Олимпиада лицензиясы бар-тын.

«Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Әлем чемпионатынан еш айырмашылығы болған жоқ. Әлемнің ең мықты боксшылары жиналып, Олимпиада жолдамасы үшін барын салып өнер көрсетті. Өте тартысты болды. Мен біздің құрамадағы әрбір боксшыға алғысымды айтамын. Бар күшін салды. Нақты біреуін бөліп айта алмаймын, бәрі мықты. Көңілден шықты», - деді Айтжанов.

Еске салайық, күні кеше Армения бокс федерациясының президенті Италиядағы турнирдің төрелігін қатаң сынап, жарысты үлкен циркке теңеген еді. Айтжанов болса төрешілерге кінә артудың қажеті жоқ екенін айтып отыр.

«Төрешілерге ренжуге болмайды, әркімнің өз көзқарасы бар. Қарсыласқа еш мүмкіндік бермей, барынша басымдық танытуың керек. Салысып төбелесудің қажеті жоқ, төрешілерге ұнайтындай бокс көрсет», - деп өз бағасын берді Қазақстанның бапкері.

Ал, ұлттық құрама боксшылары Италиядан Қазақстанға бүгін оралды. Енді олар екі апта демалып, оқу-жаттығу жұмыстарына қайта кіріседі.

«Жігіттер жарақатын емдеуі керек, демалып, қалыпқа түссін. Сосын алдағы уақытқа жоспар түземіз», - деп сөзін түйді М.Айтжанов.

Айта кетейік, Париждегі жазғы Олимпиада ойындары биыл 26 шілдеде басталып, 11 тамызда мәресіне жетеді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам