Әлемдегі сексуальный футболшы қыздар. Жаңа шығарылым!

Сұлтан Зауырбек «екінші Головкин» бола ала ма?

09.04.2024, 02:00

Ол жастар санатында жүргенде Қазақстанның ең талантты боксшыларының бірі атанған

Сұлтан Зауырбек «екінші Головкин» бола ала ма?
instagram.com/sultanzaurbek/

Генадий Головкиннен кейін қазақ боксында жұртты аузына қарататын жұлдыз кім болады деген сұрақты жанкүйерлер мен сарапшыларды мазалайтыны анық. Соңғы кездері «екінші Головкин» деп шымкенттік боксшы Сұлтан Зауырбекті (17-0, 12 КО) атап жүргендер бар. 27 жастағы боксшының потенциалы қандай? Аз-кем сараптама жасап көрдік.

Отандасымыз наурыз айында Англияда колумбиялық Виктор Хулиомен (17-11) кездескен болатын. Екінші жеңіл салмақта өткен жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған. Нәтижесінде төрешілердің бір ауыздан қабылдаған шешімімен қазақстандық боксшы жеңіске жетті.

Осылайша, Телфордтағы (Англия) кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсеткен қазақстандық боксшы кәсіпқой рингтегі он жетінші жеңісіне қол жеткізді.

Сұлтан 1996 жылы 19 сәуірде Шымкент қаласында дүниеге келген. Бала күнінен бокспен айналысады. Әуесқой бокста жалпы саны 200-ден астам жекпе-жек өткізген. Осыдан 10 шақты жыл бұрын Абылайхан Жүсіповтермен бірге еліміздегі ең талантты жас боксшылардың қатарына кірген еді. Мысалы, 2014 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанды. Одан кейін Софияда (Болгария) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында финалға дейін жетті.  

Ал, 2015 жылы халықаралық турнирде болашақ Олимпиада чемпионы Робсон Консейсаоны жеңіп кетті. Одан кейін 2017 жылы Қазақстан біріншілігінде топ жарды. Сөйтіп, ІV Ислам ынтымақтастығы ойындарына барды. Бакуде қола жүлде еншіледі. Бірақ әуесқой бокста бұдан кейін тұрақтамады. Келесі жылы кәсіпқой боксқа ауысты.

Ол бұл шешімін елімізде әуесқой бокста бәсекелестік жоғары екенін, бір салмақта 5-6 боксшыдан жүргенімен түсіндірді. «Олимпиада, әлем чемпионаттарына біреуі ғана барады. Ең дұрысы бақытымды кәсіпқой бокстан табайын» деп айтты.

Кәсіпқой боксқа ауысқанда қазақ боксшылары көбіне алданып қалып жатады. Кейде дұрыс промоутер немесе менеджер кезікпейді. Сұлтанның бұл жағынан біразына қарағанда жолы болған секілді. Отандасымыз британилық MTK Global компаниясымен келісімшартқа отырды. Бұл орталық әр жылдары Тайсон Фьюри, Билли Джо Сондерс, Джош Тейлор, Карл Фрэмптон, Терри Фланаган, Чарли Эдвардс, Рокки Филдинг, Хьюи Фьюри, Майкл Конлан сияқты кәсіпқой бокста есімдері қалыптасқан жұлдыздармен әріптестік орнатқан.

Бірақ, Сұлтан әзірге бағын жағатын топ жекпе-жектер өткізген жоқ. Ол тоғызыншы жекпе-жегінде WBC тұжырымы бойынша жартылай жеңіл салмақта жасөспірімдер арасында чемпион атанды. Бір жекпе-жектен кейін коллекциясы WBО тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы деген белбеумен толықты.

Алғашында кездесулерін Қазақстан мен Англияда алма-кезек өткізіп жүрген. 2022 жылдан бері Тұманды Альбионда ғана рингке шығатын болды.

Менеджері Билли Нельсон қазақ боксшысының чемпиондық жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтады. Әсіресе, WBA бойынша жартылай жеңіл салмақтағы чемпион Ли Вуд пен IBF тұжырымының бұрынғы белбеу иесі Джош Уоррингтонмен кездескені дұрыс деп санайды.

Енді жақында WBA тұжырымы бойынша екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы америкалық Ламонт Роучтің (24-1-1, 9 КО) потенциалды қарсыластарының қатарына қосылды. Өйткені Роуч былтырдан бері рингке шықпаған. Енді қарсылас іздеп жүрген көрінеді. Рейтингте жоғары орналасқандардың ешқайсысы бос емес. Ал келісімге келе алатындардан әзірге жекпе-жек өткізуге келісімшарт жасаспағандардан Сұлтанның бәсі биік боп тұрған көрінеді. Бірақ бұл нақты емес.

Жалпы, Зауырбектің қасиетіне келсек, ол өте жылдам боксшы. Сол қолымен жойқын соққы бағыттайды. Оң қолымен қапталдан жақсы ұрады. Әлсіз тұсы – жақын қашықта жұдырықтасуы. Виктор Хулио, Серхио Сосо сияқты деңгейі төмендеу қарсыласпен жұдырықтасқанда аса қатты білінбейді. Ал чемпиондар мен топ боксшылар мұндайды кешірмейді. Сондықтан жерлесімізге осы жағын ойлану керек.

Әзірге Сұлтанның чемпиондық белбеуге таласуына ерте секілді көрінеді. Дегенмен, ТОП-15 қатарына кіретін боксшыларды тауып, солармен шаршы алаңда өз күшін тексеріп көру маңызды секілді. Алдағы 19 сәуірде 28 жасқа толатын «Екінші Головкиннің» болашағы алда деп білеміз. 

Айтпақшы, Сұлтан Британияда IBF, WBO, WBA, IBO тұжырымдарының экс-чемпионы Энтони Джошуамен бір залда жаттығады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам