Қыздар мен ерлер боксы теңеседі. Еркекшора бокшылар. Ұлттық құрамадағы интирига

Біз жас болғанда үлкендер орнын босатып бермеген – Назым Қызайбай хейтерлерге жауап берді

09.04.2024, 14:17

30-ға келген боксшыны сынайтындар көбейген

Біз жас болғанда үлкендер орнын босатып бермеген – Назым Қызайбай хейтерлерге жауап берді
Қазақстан футбол федерациясы

Бокстан Астанада өткен лицензиялық турнирге іріктеу сынында 50 келідегі Назым Қызайбай басты қарсыласы Алуа Балқыбековамен болған жекпе-жектің нәтижесі туралы айтты. Қос спортшысы бұған дейін 48 келіде сынға түсіп, кейін олимпиадалық салмаққа ауысқан еді.

Olympic.kz сайтына сұхбат берген Назым Қызайбай бұл жекпе-жектің ешкімге де оңай соқпағанын айтты.

«Алғашында спарринг өтетінін білмедік. Естіген бойда, жаттығуды бастап кеттік. Біз 100 пайыз бабымызда болмадық. Психологиялық тұрғыдан да қиын соқты. Себебі, жаныңда жүрген жақын адамыңмен жұдырықтасу оңай емес. Кезінде Алуаны өзім бірге дайындалуға шақырған едім. Кейін ол да осы салмаққа өтіп, өзіме қарсылас болды. Әрине, басында ауыр тиді. Бірақ спорт болғандықтан, оны да түсінемін», - деді ол.

Назым Қызайбай былтыр Қытайда өткен Азия Ойындарында жолдама алуға бір қадам қалғанда өз мүмкіндігін жіберіп алғанын еске алды.

«Азия ойындарының ширек финалында, жолдамаға бір қадам қалғанда сүріндім. Алуа Италиядағы турнирдің ширек финалында ұтылды. Үшінші іріктеу кезеңі қарсаңында спарринг жасау – өте дұрыс шешім. Бұған дейін қанша жерден бірінші нөмірлі боксшы болсам да, Олимпиадаға бара алмадым. Спаррингсіз-ақ орныма басқаларды жіберетін. 

Бұл жолы мәселенің спарринг арқылы шешілуі ешкімнің көкейінде күмән қалдырмайды деген ойдамын. Мен ешқашан бәсекелестіктен қашқан емеспін. Кім мықты, сол барсын. Жастарға орын бермеді деген пікірді де істеп жүрмін. Біз жас болғанда, ешкім де орнын босатып бермеген. Сондықтан, өзімді лайықты боксшы санаймын», - деді Назым.

Айта кететін жайт, бүгінде Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова бір бапкердің қол астында жаттығады.

«Алуа Италияда жеңілген соң, бірінші нөмірлі боксшы ретінде лицензиялық жарысқа мен барамын деп ойладым. Бірақ спарринг өтетіні анықталған соң, Алуа да жарысқа қатысатынын айтты. Әрине, еш қарсы болмадым. Екеуміз де дайындаламыз, кім жеңеді, сол барады деп келістік. Ең бастысы - бәрі әділетті өтті. Алуаның да болашағы жарқын, жеңістері алда», - деді Н.Қызайбай.

Сондай-ақ, Назым Қызайбай олимпиадалық салмақта сынға түсу өте ауыр екенін де жеткізді.

«48 келіде екі дүркін әлем чемпионы атансам да, 50 келіде биік белестерді бағындыра алмай келемін. Екі келінің өзі үлкен рөл ойнайтынын қарапайым жұрт түсінбесе де, бокс мамандары жақсы білуі керек. Басқа салмаққа үйрену үшін бір-екі жылдың өзі аздық етеді. Қазір жасым отызға келсе де, жастармен бір деңгейде жаттығып жүрмін. Енді бар күшімді Олимпиадаға лицензия алуға саламын», - деді Қызайбай.

Кеше Астанада басталған спаррингтік турнирде Назым Қызайбай өзінің командалық әріптесі Алуа Балқыбековадан төрешілер шешімі бойынша басым түскен болатын. Енді ол Тайландта өтетін лицензиялық жарысқа қатысып, Олимпиада жолдамасы үшін таласатын болады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам