«Ордабасы» ойынды тағы сатты ма? ҚПЛ-де сауда қызды. Жаңа подкаст!

Парижде боксшыларымыз алтын алады дегенге сенбеймін – Жұмабек Өмірзақов

14.06.2024, 18:00

Маманның пікірінше, әлемдік бокста бәсекелестік өте жоғары және Қазақстан боксшылары ол бәсекелестікке төтеп беру қазір қиын

Парижде боксшыларымыз алтын алады дегенге сенбеймін – Жұмабек Өмірзақов
kfb.kz

Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына санаулы күн қалды. Қазақстан жанкүйерлері әдеттегідей боксшыларға үлкен үміт артады. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов та жуырда берген сұхбатында кемі 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль алуды көздейтінін айтқан болатын.

Боксшылар бұл мақсатқа жете ала ма? Олардың қазіргі әлеуеті қандай? Бұл туралы елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы Жұмабек Өмірзақовтан сұрап көрдік.

– Жұмабек аға, ұлттық құраманың бас бапкері айтқандай, жігіттердің бір алтын, бір күміс және бір қола медаль алатындай қауқары бар ма? Маман ретінде сіздің болжамыңызды білсек.

– Шынын айту керек, менің ойымша, біз күткендей үлкен жетістік болмайды. Мұны мен тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын.

2016 жылы лицензияны Қытайда өткен соңғы жарыста алғанбыз. Тиісінше, Олимпиада ойындарында айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізе алмадық. Бұл жолы да Италияға барып жолдама алғандар бірінші орын алады деп ойламаймын, себебі топ жаратын спортшы лицензияны бастапқы жарыста алуы керек.

– Алтын медаль бола ма? Жалпы саны қанша медаль болады деп ойлайсыз?

– Медаль болуы мүмкін, оған әсер ететін бірнеше фактор бар. Жеребе сәтті түсу деген сияқты. Бірақ менің пікірімше, жеңімпаз атануға ешкімде мүмкіндік жоқ. Өз басым алтын медаль болады дегенге сенбеймін.

– Мамандар арасында Сәкен Бибосыновқа үміт артып отырғандар бар, қалай дегенмен Олимпиада жүлдегері ғой. Сөйте тұра оның қарсыластарының бірі өзбек Хасонбой Дусматов та мықтылардың қатарынан...

– Бір Дусматов емес, мықтылар Үндістанда да, Филиппинде де бар. Еуропада қаншама менмін деген боксшы жүр. Бір қарсыласпен шектелетіндей емес. Екеуін өтсең, үшіншісі, сонан соң төртіншісі деп кете береді. 

Бокс – қиын спорт. Сондықтан «мен бірінші орын аламын» деп сөйлеу қате. Бізде «мына боксшы топ жарады» деп, сол боксшының жеңіске жеткені тәжірибемізде болмаған. 

Бұрын бірінші орынды сатып алуға болатын, қазір ондай жоқ. Оның өзі өте сенімді адам болуы керек еді. Сол себепті, атойлай беру артық.

– ҰОК басшысы қызметіне Геннадий Головкин келді. Танымал боксшы ғой, қандай да бір ықпалы болуы мүмкін бе?

– Жоқ! Головкин ҰОК басшысы, ал медальді шешетін бұл ұйым емес. Оны спортшылар шешеді. Басшылар бұрындары ықпал ететін. Естеріңізде бар шығар, Бекет Махмұтов, кейіннен Тимур Құлыбаевтардың әсері болғаны рас. Сол заманда еншілеген жүлделердің бәрі бірдей әділ жолмен келді деп айта алмаймын. Ал қазір олар жоқ, олардың орнын басатын беделді адам да жоқ. Тіпті ХОК бокс ұйымдарының басшыларының өзін Олимпиадаға жақындатпай отыр.

Бүгінде бәрін таза жеңіс шешеді, ал бізде қазір дәл солай таза жеңетін боксшы жоқ. Кім біледі, бұйырып та қалуы мүмкін, дегенмен мына боксшы чемпион атанады деп айтатын ешкімді көріп тұрған жоқпын.

– Махмұд Сабырхан 57 келі салмаққа ауысты. Оның әлеуеті жайлы не айтасыз?

– Бұрын мықты боксшыларды «Куба» дейтінбіз, ал қазір Сабырханды «қазақтың Ломаченкосы» деп атайды екен. Бірақ, бұл салмақта да мықты боксшылар аз емес. Сондықтан оған оңай болмасы анық. Көп жаттығу керек, болды.

Жүлде алады дейтіндердің қатарына Айбек пен Нұрбек Оралбайларды қосушы едім. Егіз боксшылардың мүмкіндігі бар. Есейіп, біраз тәжірибе жинап қалды. Кездесулері де аздау, сондықтан қарсыластарына беймәлім тұстары көп болуы мүмкін, бокс тәртібі де жақсы, шыңдалып келеді. Басқаларға қарағанда, осы екеуіне көбірек сенемін.

– Қазақстан кезінде бокс державаларының қатарында еді, әр Олимпиадада міндетті түрде алтын алушы едік...

– Айтып отырмын ғой, мықты қамқоршы керек деп. Марқұм Бекет Махмұтов қолынан келгеннің бәрін жасады. Ол кісі болмаса, біз бүгінгідей деңгейге жете алмаушы едік. Қазір ондай адамдар жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, қазір ондайға ешкім мүмкіндік бермейді де. Бірдеңені бүлдіреді дегеннің бәрін сырып тастады ғой. ХОК жарыстардың әділетті өтуіне қатты мән беріп жатыр. Ол дұрыс. Токиода да көрдік қой, артық ешкімді жақындатпады.

– Қыздар жайлы ойыңыз қандай? Тәжірибелі Назым Қызайбай Олимпиадаға барады деп отырмыз.

– Валентина Хальзова жүлде алуы мүмкін. Себебі қыздарда ауыр салмақта қарсыластар саны аз. Төменгі салмақтарда бәсеке өте жоғары. Бұл жақта бізге түк бұйырмайды. 50 келіде Азияның өзінде қаншама мықты қыз бар. Олардың қай-қайсысы да «сен тұр, мен атайын» дейтіндер. Одан қалды, Еуропада да әлеуеті зор боксшылар көп. Назымның тәжірибесі бар, бірақ ол соны қолдана алмай жүр. 57 келіде де мықты қарсыластар жетеді.

Бірақ боксшыларымыз қалай да медаль алуы керек. Ауыз толтырып мақтанып жүргенде, медальсіз қалсақ, масқара ғой. Токио Олимпиадасында екі қолаға әзер қол жеткіздік. Оның өзінде жеребе жолдас болды.

– Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам