Рахматжон Рузияхунов ұлттық құраманың артықшылығын алға тартты
Өзбекстан ұлттық құрамасының аға бапкері Рахматжон Рузияхунов World Boxing әлем чемпионатында Қазақстан құрамасымен бәсекелестік туралы айтты.
ZBS Podcast YouTube-арнасында Рахматжон Рузияхунов ұлттық құраманың артықшылығын алға тартты.
«Олардың бокстағы мектебі өте мықты. Қазақ боксы әрдайым жоғары деңгейде. Мен әрқашан айтып келемін – біз Месси мен Роналду секілдіміз: әрдайым бір-бірімізбен бақталастамыз. Мұндай көрші елдердің болғаны – үлкен мүмкіндік. Біз олардан үйренеміз, олар бізден үйренеді. Сол еңбектің арқасында үлкен жетістіктерге жетіп жүрміз», – деді Рузияхунов.
Айта кететін жайт, әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастап, 7 алтын медаль иеленген еді. Ал Өзбекстан боксшылары 6 алтын медаль иеленіп, жалпы есепте 2-орынға жайғасқан еді.