Холландты көру үшін емес, Қазақстанды қолдау үшін стадионға келейік – үндеу

Нұрбек Оралбайдың Олимпиададағы ең қарымды қарсыластары кім?

22.07.2024, 11:18

Тізімде әлемнің танымал 4 боксшысы бар

Нұрбек Оралбайдың Олимпиададағы ең қарымды қарсыластары кім?
ҰОК

Париж Олимпиадасында бокстан 80 келіде сынға түсетін әлем чемпионы Нұрбек Оралбайдың тегеурінді қарсыластары анықталды. Отандасымызбен бір салмақта өнер көрсететін былғары қолға шеберлері арасында әлемнің танымал 4 боксшысы бар. Олардың үшеуі Олимпиада ойындарында жүлде алса, біреуі әлем чемпионатында үздіктер қатарына енген.

80 келіде украиналық Александр Хижняк ең бастысы фавориттің бірі. Ол 2017 жылы әлем чемпионы атанып, Токио Олимпиадасында күміс жүлдесіне ие болған. Сондай-ақ, 75 және 80 келіде Олимпиада чемпионы болған кубалық Арлен Лопес Парижде үшінші алтыны үшін барын салады.

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының финалисі, филиппиндік Эумир Марсьял да Оралбай үшін өте қиын қарсыластың бірі болмақ. Бұдан бөлек Қытайда тұратын этникалық қазақ боксшысы Тоқтарбек Таңатқан да екінші Олимпиадасына қатысқалы отыр. Қандасымыз әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, былтыр Азия Ойындарында топ жарған.

Айта кетейік, 80 келіде Париж Олимпиадасында 18 боксшы сынға түседі. Олардың ішінде чемпион болуы мүмкін боксшы ретінде Александр Хижняк есімі аталса, екінші орында Куба өкілі тұр. Ал отандасымыз Нұрбек Оралбай үшінші сатыға жайғасқан.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам