Сарапшы қазақстандықтардың сәтсіздігіне Головкиннің айтқан сөзі әсер етті дейді
Көптеген бокс сарапшылары мен жанкүйерлер Олимпиададағы бокс төрешілігін талқылауда. Себебі басым көпшілік төрешілер қазақ боксшыларының жолын байлады деген пікірде.
Басқа-басқа, дәл қазақстандық боксшылардың жекпе-жектерінде ұпайды қарсыласқа беру, соққыларды дұрыс есептемей қою секілді жағдайлардың көзге көрініп тұрғаны жиі айтылуда.
Нұрбек Оралбай мен Сәкен Бибосыновтың айқастарында да төрешілердің белден басуы сезілді.
Осы орайда Nekarate телеграмм-арнасы бұл жайтқа қатысты пікір білдіріпті. Автордың ойынша, қазақстандық былғары қолғап шеберлеріне қатысты мұндай көзқарастың қалыптасуына Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкиннің Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) жұмысын сынап, Қазақстан ұйымның қатарынан шығуы керек деген сөздері себеп деп санайды.
«Мен Олимпиададағы бокс турнирлерінде қазақтардың аяғын неге сонша шалып жатқанын қазір ғана түсіндім. Головкин IBA жұмысына қарсы шығып, "World boxing" әлдеқайда қызық екенін айтты. IBA-де тікелей тіркеуде тұрған төрешілер Олимпиада комитетінде жоқ шығар, бірақ бүгін жұмыс істемейтін адам ертең жұмыс істеуі мүмкін, бәлкім өзара дос шығар, әлде қалталарына ақша салып қойды ма екен, тіпті басқа бір келісімдар бар ма, кім біледі. Сондықтан қазақтардың аяқтарынан барынша шалып жатыр», - деп жазды Стас Nekarate.