Қазақстанның бокс федерациясы болса әлі нақты жауап айтқан жоқ
Қырғызстан бокс федерациясы жаңадан құрылған World Boxing ұйымымен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Sport АКИpress басылымына Қырғызстан бокс федерациясының президенті Үмбетәлі Қыдырәлиев айтты.
World Boxing ұйымы 2023 жылы сәуірде құрылған. Осыған дейін 42 федерация мүше болып үлгерген.
«World Boxing президенті Борис ван дер Ворст менің ескі танысым. Екеуіміз жақсы қарым-қатынастамыз. Бұған дейін Италия, Тайландта өткен олимпиадалық іріктеу турнирлерінде кездескенбіз.
Түркияда Париж Олимпиадасына арналған конференция болды. Аталған ұйымның конгресі қарашаға жоспарланған. Соған дейін уақытымыз бар», - дейді Үмбетәлі Қыдырәлиев.
Оның айтуынша, World Boxing егер 50-ден астам федерацияны қатарына қоса алса, бокс 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасында қалады.
Айта кетейік, жақында Халықаралық Олимпиада Комитеті (ХОК) Халықаралық бокс қауымдастығын (ІВА) олимпиада Хартиясына енгізген түзетуді қабылдай отырып, танылған федерациялар тізімінен шығарып тастады. Бұған дейін Спорттық төрелік соты (CAS) ХОК сессиясының 2023 жылғы 22 маусымдағы ұйымды мойындаудан бас тарту туралы шешіміне қатысты IBA шағымын қабылдамады.
2028 жылы өтетін Олимпиада Ойындарында ХОК ІВА-ға мүше елдердің бокс құрамасын қатыстырмау туралы талап қойып отыр. Енді әрбір елдің бокс федерациясы World Boxing-ке мүше болуы тиіс.
Сонымен бірге, ҰОК президенті Геннадий Головкин де Reuters агенттігіне берген сұхбатында бокс федерациясын ІВА-дан шығуға үндейтінін айтқан болатын.