Даңқты боксшы Өзбекстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен кезін еске алды
Бокстан Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Өзбекстанда жүргенде қазақ болғаны үшін кедергілерге ұшырағанын айтты.
Екі мыңыншы жылдардың басында Өзбекстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен боксшысы Афины Олимпиадасынан тыс қалған. Бұл туралы боксшы «Берен Live» арнасына берген сұхбат барысында әңгімеледі.
Бақыт сол уақытта 7 рет чемпион атанса да қазақ баласының мықтылығын мойындауға жергілікті басшылардың жалған намысы жібермегенін атап өтті.
«Ол кезде Өзбекстанның бірнеше дүркін чемпионы едім. Азия чемпионымын, Азия ойындарының қола жүлдегері болдым. 2003 жылы әлем біріншілігіне бардым. Бірақ 2004 жылы Афины олимпиадасына өзбектер 64 келі салмақта Дилшод Махмудов ұлттық құрама намысын қорғайды деген шешім қабылдады. Сөйтіп Грекияға Махмудов аттанды», - деді Бақыт Сәрсекбаев.
Бірақ Афиныдан Дилшод Махмудов жүлдесіз оралды. Ол сол жолы ширек финалда Куба боксшысы Юдель Джонсоннан 32:28 есебімен жеңіліп қалды.
Кейін Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанға оралып, ұлттық құрамада 69 келіде №1 боксшысы атанды. Ал Бейжің Олимпиадасында ширек финалда Сәрсекбаев Өзбекстан боксшысы Махмудовты ұтып, жартылай финалға шыққан болатын.