Оған Қызылордадан бокс мектебін ашып береді
Қазақстандық танымал боксшы, аса ауыр салмақ өкілі Қамшыбек Қоңқабаев бокстағы мансабын аяқтайды. Бұл туралы Қызылорда облыстық спорт басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы Бахтияр Артаев мәлімдеді.
Артаев мұның әлі ресми еместігін де қоса кетті.
«Қызметке кіріскен бойда Қамшыбекпен сөйлестім. Себебі облыс әкімі Қамшыбекке «спорттық мансабыңды аяқтаған соң бокс мектебін ашып беремін» деп уәде еткен. Келесі жылғы қаңтар айына сол жобаны жоспарлап отырмыз. Өйткені орталықта бокс мектебі, не бокс клубы жоқ.
Бейресми деп айтайын, Қамшыбек мансабын аяқтаған секілді. Өзінің әңгімесі соған саяды», - деді Артаев.
Айта кетейік, Қамшыбек Қоңқабаев – 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019), Азия чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019, 2021).