Сондай-ақ, өзге де халықаралық ірі турнирлер күтіп тұр
2025 жыл бокстан Қазақстан құрамасы үшін де, жанкүйерлер үшін де ерекше жыл болғалы тұр. Себебі Қайрат Сәтжанов шәкірттері екі бірдей әлем чемпионатына қатысады. Бірін – IBA, екіншісін – World Boxing ұйымдастырады. Бұлардың қайсысына басымдық беріледі, кімдер өнер көрсетеді деген сауалдарға ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов Sports.kz-ке берген сұхбатында жауап берді.
«13-31 қаңтар аралығында Түркістан облысында оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. 25 қаңтар күні екі құрам Испанияға аттанады. Ол жақта бір апталық оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық турнирге қатысамыз. Ал, 10-22 ақпан аралығында Болгарияда оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып, әрі қарай Странджа кубогында бақ сынаймыз. Наурыз айында Ресейдің Кисловодск базасына барып дайындаламыз және Хабаровсктегі халықаралық турнирге қатысамыз. Сол уақытта Бакуде «Жібек жолы» турнирі қатар өтіп жатады, ол жаққа да жігіттерді жібереміз. Бірінші тоқсанға арналған жоспарымыз осындай», - деді ол.
Сонымен қатар, бапкер биыл екі бірдей әлем чемпионатына қатысатынымызды да тілге тиек етті.
«Биыл бізді екі әлем чемпионаты мен Бахрейнде өтетін Азия чемпионаты күтіп тұр. Біз IBA де, World Boxing те ұйымдастыратын әлем чемпионаттарына қатысамыз. Құрам жарыс алдында анықталады. Екі әлем біріншілігіне де тиімді құрамды жасақтауға тырысамыз», - деді бас бапкер.
Қайрат Сәтжанов екі ұйымның жарыстарына қатар қатысудың еш сөкеттігі жоқтығын алға тартты.
«Онда тұрған жаман ешнәрсе жоқ. IBA қомақты сыйақы қорын ұсынып отыр және кез келген спортшы ақша тапқысы келеді. Қазір уақыт сондай. Жігіттер үшін де бұл жақсы мотивация. Қазір боксшыларды бір медальмен немесе марапаттау қағазымен қызықтыра алмайсың. Көбісінің отбасы бар, оларды асырау керек, сол үшін ақша табу қажет», - деп нақтылады маман.
Еске салайық, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин World Boxing ұйымында басшылық қызмет атқарады. Біздің елдің бокс федерациясы екі ұйымда да мүшелікте бар.