Будапеште 20-орын алған Асаубаеваға қанша сыйақы берілді

Бибісара әлемнің мықты шахматшыларымен 40-тан астам партия өткізді

TotalChess
TotalChess

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Будапештте өткен Total Rapid Chess 2026 турниріндегі өнерін аяқтады.

Америкалық Эндрю Хонгпен өткен екінші күнгі кездесулерде де отандасымыз қарсыласына 7:13 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде Хонг 19-орынға тұрақтаса, Бибісара үздік жиырмалықты түйіндеді.

Бұл нәтиже қазақстандық шахматшыға 14 мың доллар (6,3 миллион теңгеден астам) сыйақы алуға мүмкіндік берді.

Асаубаева турнирден кейінгі әсерімен бөлісіп, жарыстың өте ауыр болғанын жеткізді. Оның айтуынша, 10 күн ішінде әлемнің мықты шахматшыларымен 40-тан астам партия өткізу оңайға соқпаған.

«Бұл турнирдің аяқталғанына қуаныштымын. Өйткені ол өте көп күшімді алды. Қатты шаршадым, мұндай болады деп күтпедім», – деді шахматшы Telegram арнасында жариялаған видеосында.

Жарыс жеңімпазы француз Алиреза Фирузджа атанып, 80 мың доллар жүлде алды. Нидерланд өкілі Аниш Гири күміс, америкалық Фабиано Каруана қола медаль иеленді.

Айта кетейік, алғаш рет ұйымдастырылған Total Chess Pilot турниріне 22 ер және екі әйел шахматшы қатысып, барлығы 24 гроссмейстер бақ сынады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам