Канелоға жартылай ауыр салмақта чемпиондық жекпе-жек өткізуге жол ашылды
Мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварес жартылай ауыр салмақта әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасуы мүмкін. Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) оның осы салмақтағы чемпиондық айқасына рұқсат беруге дайын екенін мәлімдеді. Канелоның ықтимал қарсыласы – ұйымның қазіргі чемпионы, шотландиялық Уилли Хатчинсон.
WBC президенті Маурисио Сулейманның айтуынша, ұйымның соңғы конгресінде Хатчинсонға міндетті қарсылас бекітілмеген. Бұл шешім мексикалық боксшымен жекпе-жек ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
«Егер Канело жартылай ауыр салмақта чемпиондық белбеу үшін күрескісі келсе, біз мұндай кездесуге рұқсат береміз. Өйткені бұл – екі чемпионның өзара айқасы. Ал екінші орта салмақта қалуды таңдаса, оның алдында басқа да мүмкіндіктер бар», – деді Сулейман Sky Sports басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, 7 қарашада Уилли Хатчинсон реваншта британиялық Джошуа Буатсиді жеңіп, жартылай ауыр салмақтағы WBC-дің бос тұрған чемпиондық белбеуін иеленді. Бұл салмақтағы шекті салмақ – 79,4 келі.
Канело үшін жартылай ауыр салмақ бейтаныс емес. Ол бұған дейін ресейлік Сергей Ковалёвты жеңіп, чемпиондық атаққа қол жеткізген. Алайда кейін Дмитрий Биволмен кездесуде жеңіліп қалды.
Ал мексикалық боксшы биыл қазан айының соңында екінші орта салмақтағы WBC чемпионы атағын қайта иеленді. Ол француз-камерундық Кристиан Мбиллиді төрешілердің шешімімен жеңді. Бұған дейін Канело америкалық Теренс Кроуфордтан ұтылып, кейін ота жасатқан еді.