ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым! Минсктегі оқиға: маскүнем жанкүйерлер, Ұлы Жеңіс және масқара жеңіліс

Басшылық қызметке бірден келмедім. Кітап оқимын. Болашақ чемпиондарды ауылдан іздейміз – Әділбек Ниязымбетов

22.01.2025, 09:21

Ол төрешілерді соққыға жыққан Ерік Маржықпаевқа қатысты да ойын білдірді

Басшылық қызметке бірден келмедім. Кітап оқимын. Болашақ чемпиондарды ауылдан іздейміз – Әділбек Ниязымбетов
Архив: olympic.kz

Рио және Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азия ойындарының чемпионы Әділбек Ниязымбетов 1bol.kz тілшісіне сұхбат беріп, отандық бокста болып жатқан жайттарға қатысты ойымен бөлісті.

Еске салайық, даңқты боксшы бүгінде Маңғыстау облысындағы бокс мектебінде директор қызметін атқарып келеді.

– Әділбек, жуырда Қарағандыда бокстан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жарысты бастан-аяқ көрген шығарсыз. Кімдердің өнеріне жоғары баға бересіз? Кім үмітті ақтамады? 

– Бокстан Қазақстан чемпионатына қатысқан әр салмақта сен тұр мен атайын деген қыз-жігіттер жиналған. Ал жаңадан құрама сапына 67 келіде Төрехан Сабырхан қосылды. Ешқайсысын бөліп-жарғым келмейді, себебі шаршы алаңға шығып жүрген боксшылардың бәрінен зор үміт күтеміз. Чемпионатта жеңіске жетіп, жүлдегер болған барлық спортшылар лайықты орын алды деп есептеймін. Сондай-ақ, бұл чемпионат өте жоғары деңгейде өтті.

– Осы Қазақстан чемпионатының финалында үш жұптың жекпе-жегі болмады. Сабырхан мен Төлтаев, аса ауыр салмақтағы ағайынды Сапарбайлар және Назым Қызайбайдың да қарсыласы рингке шықпай қойды. Төлтаев ауырып қалды деді, Назымның да қарсыласы денсаулығына байланысты рингке шықпады, ағайынды Сапарбайлар бір-бірімен төбелеспейтінін айтты. Бұл нені білдіреді, боксшылардың Қазақстан чемпионатына жеңіл-желпі қарауы емес па?

– Сапарбайлар ағалы-інілі болған соң өзара келісіп шешті. Cол себепті бір-біріне шаршы алаңда да қарсы шықпай, сыйластық танытты деп ойлаймын. Ал Cанатәлі Төлтаев Төреханнан қаймығып  жұдырықтаспай қалған жоқ. Ол бұдан алдыңғы жекпе-жектері денсаулығына кері әсерін тигізіп, бүйрегіндегі тасы қозғалып кетуіне байланысты жұдырықтаспады. Қыздардың боксына қатысты ешнәрсе айта алмаймын. Себебі Назым Қызайбайдың да, басқа да боксшы аруларымыздың жеке бапкерлері бар. Барлығы бір ауыздан бір тоқтамға келіп шешкені анық. Бір айтарым, әрқашан қандай жағдай болса да, денсаулық – бірінші орында.

– Сізді жуырда Instagram-парақшалардан көріп қалып едік, бапкер Ерік Маржықпаевтың төбелесіне жалғыз өзіңіз ара түсіп, жанжалды тоқтата білдіңіз. Кейін Маржықпаевты алып, сыртқа кеттіңіз. Ол кісінің осыншама ашуланатындай не жағдай болды? Төрешілер расымен де оның баласының жеңісін тартып алды ма?

– Мен бұл жекпе-жекті толық көрмедім, бірақ Мыржықпаев ағамыздың айтуынша, баласы осы тартысты бәсекеде жеңіске жеткен екен. Алайда, төрешілер бұра тартып, жеңісті бермеген дейді. Бұл – спорт. Спортта жеңіліс пен жеңіс қатар жүреді.

– Қазір Маңғыстау облысында бокс мектебін басқарасыз. 20 жылдай спортта жүріп, бірден басшылық қызметке ауысып кету қиын болмады ма? Бюджеттің ақшасымен жұмыс істеу керек, ондаған адамды басқару керек, ұйымдастыру қабілеті тағы керек. Өз жұмысыңыздың нәтижесін қалай бағалайсыз?

– Басшылық қызмет атқару әрине қиын. Мен бірден бастық болмадым. Астана қаласында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы интернатта әдіскер болып жұмыс істедім. Сонымен қатар, «Олимпиадаға даярлау» орталығында да әдіскер болып қызмет атқардым. Бұл қызметіме тәжірибе жинап болған соң келдім.

– Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов ағамызбен сұхбаттасқанымызда боксқа бала тартудың қиындағанын айтқан еді. Бұрынғы бапкерлер мектептерді аралап жүріп, оқушылар арасында үгіт жүргізетін. Қазіргі бапкерлер мектеп араламайды дейді. Маңғыстау облысында бұл мәселе қалай шешіліп жатыр, бокс залдарында бала көп пе? Балаларды боксқа қалай шақырасыздар?

– Жалпы, біздің мектепте бала көп. Бапкерлер де бос қарап жүрмейді. Ауылдық жердегі мектептерден талантты балаларды байқаса, боксқа алып келеді. Сол балалар қазір жақсы жетістікке жетіп жүр. Мысалы, облыстық чемпионат пен басқа да ірі турнирлерде жоғары нәтиже көрсетеді. 

Біздің бапкеріміз Марат Жакиеев ағайымыз кезінде мектептерге автобус жіберіп, ауылдардан спортшы балаларды тегін апарып, әкелетін. Сол үрдіс әлі күнге дейін жалғасын табуда.

– Сіздің замандастарыңыз – Абылайхан Жүсіпов пен Бекзат Нұрдәулетов «кітап оқып жарысамыз, бір-бірімізге кітап сыйлаймыз» деді. Өзіңізде кітап оқуға қызығушылық және уақыт бар ма? Оқысаңыз кімдерді оқисыз?

– Тарихи кітаптарды оқыған ұнайды. Кезінде аталарымыздың қалай соғысқаны, Қазақ хандығының құрылуы туралы кітаптарды оқып жүрмін. Бұрын оқу-жаттығу кезінде жеке басым кітап оқымадым. Қазіргі таңда бокстағы мансабымды аяқтаған соң, сондай-ақ жұмыс істеп жүргендіктен, кітапты міндетті түрде оқу керек деп санаймын.

– Жерлесіңіз Бекзат Нұрдәулетовтің болашағына қатысты не айта аласыз? Ұлттық құрамада бірінші номер болуына әлеуеті бар ма? Оның салмағында Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайдың барын білесіз. Әлде кәсіпой боксқа біржола кеткені дұрыс деп есептейсіз бе?

– Бекзат Нұрдәулетов дәл қазір өзінің салмағындағы нөмері бірінші спортшы. Болашақта әлі де талай жарыстарда топ жаратынына сенемін. Осы уақытқа дейін кәсіпқой боксты емес, әуесқой боксқа басты назар аударып келді. Оның өзінің алға қойған мақсаты бар. Ол туралы алдағы уақытта өзі айта жатар.

– Білуімше, Маңғыстау облысында қазір «Былғары қолғап» деген фильм түсіріліп жатыр екен. Басы-қасында сіздің де жүргеніңізді естідік. Құпия болмаса айтыңызшы, фильм кім туралы, кімнің тапсырысымен түсіріліп жатыр?

– Иә, қазіргі уақытта «Былғары қолғап» атты фильм түсіріліп жатыр. Сол фильмнің түсіріліміне мені шақырды. Жаңа бастамаға сәттілік тілеп, ақ жарма тілегімді айтып,  қарсы болмай барып қайттым. Әрі бокс туралы кино болған соң әрине қолдап, ат салысамыз. Бірақ нақты кім туралы екенін айта алмаймын. Оның барлығын кино шыққан кезде көресіздер. 

Мен ол киноның басы-қасында жүрген жоқпын. Басты рөльде кімдер ойнап жатқанын да толық білмеймін. Себебі осы уақыт аралығында Шымкентте «Алматауда» оқу-жаттығу жиындарда спортшылардың жанында жүрмін.

– Айтпақшы, Қазақстандық боксшылар биыл екі бірдей әлем чемпионатына қатысады: бірі – World Boxing, екіншісі – IBA ұйымдастырған. Алдағы уақытта осы екі ұйымның біреуін ғана таңдап, біреуімен ғана жұмыс істеуіміз керек. Сіздің ойыңызша, екеуінің қайсысын таңдауымыз керек?

– Біздің боксшылар Word Boxing пен IBA ұйымдастырған қай жарыстарға қатысса да спортшылардың мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары. Біз қатысып жүрген кезде әлем және Азия чемпионаттарына бірінші нөмердегі боксшылар ғана баратын еді, ал қазір бірінші және екінші нөмердегі спортшылар да бара береді. Бұл – балаларға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. 

Ал Word Boxing немесе IBA жақсы деп бөліп-жарып айта алмаймын. Бұның барлығын шешетін өз ісінің мамандары бар. Мен олардың ісіне араласпаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам