Дәл сол бизнесмен клубқа жаңа база мен академия салуды жоспарлап отырғаны айтылуда
Астанада футбол академиясы салынады. Бұл туралы Goalkz хабарлады.
Бүгін белгілі болғандай, BI Group компаниясы елордалық «Астана» футбол клубына арнап академия мен жаттығу базасын салуға дайын.
Бұған қоса, кулуарда тараған ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанның ең табысты клубы алдағы уақытта белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаевқа берілуі мүмкін. Дәл осы бизнесмен клубқа жаңа база мен академия салуды жоспарлап отырғаны айтылуда.
Еске салайық, мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы уақытта бірнеше футбол клубы жеке меншікке берілді. «Астана» клубының да осы тізімге қосылуы күтілуде.
Айта кетейік, Айдын Рахымбаев Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай 10 азаматының қатарында. Оның байлығы $967 миллион деп бағаланған.