
Екеуінің арасындағы бірінші жекпе-жек 2023 жылы болған еді
Кәсіпқой бокстан аса ауыр салмақта және бірінші ауыр салмақта әлем чемпионы украиналық Александр Усик пен британдық Даниэль Дюбуа арасында матч-реванш 19 шілдеде Лондондағы «Уэмбли» стадионында өтетіні ресми түрде айтылды.
Бұл жекпе-жекте Усик пен Дюбуа WBC, WBA, WBO және IBF нұсқалары бойынша, яғни абсолютті әлем чемпионы атағын сарапқа салады.
Бастапқыда бұл жекпе-жек 12 шілдеге жоспарланған болатын. Алайда, Нью-Йоркте тағы бір үлкен бокс кешінің уақытымен сәйкес келмеуі үшін бір аптаға кейінге шегерілді.
Алдағы жекпе-жек Усик пен Дюбуа арасындағы екінші кездесу болғалы отыр. Алғашқы кездесу 2023 жылдың тамыз айында Польшада өткен еді. Онда Усик техникалық нокаутпен 9-раундта жеңіске жетті.
Бірақ сол кезде даулы жағдай болған. 5-ші раундта Дюбуа Усиктің ішіне соққы жасап, төреші оны белден төмен жасалған соққы деп есептеді. Кейін бұл шешім үлкен дау туғызып, Дюбуа командасы апелляциялық шағым түсірді.
Одан кейін Александр Усик Тайсон Фьюриді екі рет жеңіп, титулдарды біріктіріп, кәсіби мансабында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Дюбуа болса IBF титулын иеленіп, оны Энтони Джошуамен болған жекпе-жекте сәтті қорғады.