Сәтпаевтың жарақаттарына шамадан тыс жүктеме себеп болуы мүмкін
Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны, «Атырау» клубының бас бапкері Самат Смақов Дастан Сәтпаевтың соңғы кездері жиі жарақат алуына оның жас кезінде шамадан тыс ойын жүктемесін көтеруі әсер етуі мүмкін деп санайды.
Маманның айтуынша, Сәтпаевқа түсетін жүктемені ертерек реттеу қажеттігін ол футболшының ата-анасына да ескерткен. Алайда жас шабуылшы дубльден бастап, жастар және ұлттық құрамаларға дейін бірнеше деңгейдегі жарыстарға қатар қатысқан.
«Дастанның қазіргі жағдайы Қазақстанда жүрген кезінен басталған. Мен оның ата-анасына футболшыны күту керектігін айтқанмын. Бір кездері Федор Черенков пен Марат Измайловты дубльден бастап, жастар құрамасы, ұлттық құрама және Чемпиондар лигасына дейінгі барлық турнирге қатыстыра бергендей, Дастанды да барлық жарыста ойнатты», – деді Смақов Sports24.kz сайтына берген сұхбатында.
Оның пікірінше, 17-18 жасында осындай қарқынмен ойнаған футболшыға түскен жүктеменің салдары қазір жарақаттардан көрініс тауып отыр.
«Қазір соның бәрі жарақат болып шығып жатыр. Ол кезде небәрі 17-18 жастағы бала еді, бірақ барлық жерде ойнатты. Енді сол жүктеменің салдары байқалып жатыр», – деді бапкер.
Қараша айының басында «Бернли» бас бапкері Фабио Челестини қазақстандық шабуылшының санның артқы бұлшықетінен жарақат алғанын растады. 18 жастағы футболшының алаңға қашан оралатыны әзірге белгісіз.
«Оның санның артқы бөлігіндегі бұлшықетінде зақым бар. Жағдайды бірге, біртіндеп бақылауымыз керек. Әзірге оның қанша уақыт алаңнан тыс қалатынын айту қиын», – деген еді Челестини.
Бұл – Сәтпаевтың осы маусымдағы алғашқы жарақаты емес. Қыркүйек айында «Мидлсброға» қарсы кездесуден кейін де ол санның артқы бұлшықетін жарақаттап алған. Кейін футболшының қалпына келуіне құқығы «Челсиге» тиесілі клубтың мамандары жетекшілік етіп, алаңға оралған соң оның ойын уақыты біртіндеп арттырылған.
Кезекті жарақатына байланысты Сәтпаев «Бернлидің» соңғы матчтарына қатыса алмады. Сондай-ақ ол Қазақстан құрамасының қараша айында Молдова мен Словакияға қарсы өтетін Ұлттар лигасы ойындарына арналған соңғы тізіміне енбеді.