
Ол өз уақытында әлем чемпионы және Еуропа кубогінің иегері атанған
Украинаның танымал боксшысы Евгений Хитров Кривой Рог қаласында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталды.
СВОИ порталының мәліметінше, қазіргі уақытта Хитров тергеу изоляторында отыр.
«Хитров пен оның серіктесі Александр Курило қаланың кіреберісінде таңертең ұсталды. Жағдай өте күрделі. Құқық қорғаушылар бірнеше тінту жүргізіп, бұл қылмыстық топтың әрекетін ұзақ уақыт бойы бақылап, құжаттап отырған. Хитров 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», — делінген аталған хабарламада.
Айта кетейік, Евгений Хитров 2011 жылы орта салмақта әлем чемпионы атанған. Ол 2013 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, 2010 жылғы Еуропа кубогының жеңімпазы, сондай-ақ 2011, 2010 және 2009 жылдардағы Украина чемпионатының жеңімпазы және жүлдегері болған. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада өнер көрсетіп, 1/8 финалда британиялық Энтони Огогоға жол берген болатын. Кезінде Дүниежүзiлiк бокс сериясы шеңберінде «Астана арландарымен» жекпе-жек өткізу үшін «Украинские атаманы» сапында елордаға да келген.