
Астанадағы Әлем кубогінде 31 мемлекеттен келген 300 боксшы бақ сынайды.
Бүгіннен бастап бокссүйер қауымның назары Астанаға ауады. Себебі елордамыз World Boxing ұйымының аясында Әлем кубогінің үшінші кезеңін қабылдап жатыр. Елордадағы аламан қатысушы елдер саны жағынан өзіндік рекорд орнатты. Осы орайда бұдан бөлек тағы қандай ерекшеліктер бар, бұл жарысқа кімдер келді, үздіктер қандай марапат алады деген сауалға жауап берейік.
Әлем кубогі Олимпиадаға іріктеу турнирлерін өткізетін World Boxing ұйымының қолдауымен өтіп жатыр. Бұған дейін кубоктың екі кезеңі Бразилия мен Польшада ұйымдастырылды. Үшінші кезеңді бокстан әлем үздіктерінің бірі саналатын Қазақстан қабылдауда.
Астанадағы Әлем кубогінде 31 мемлекеттен келген 300 боксшы бақ сынайды. Бұл қатысушылар саны бойынша өзіндік рекорд саналады. Себебі Бразилиядағы турнирге 19, Польшадағы бәсекеге 24 елден боксшылар қатысқан болатын. Сондай-ақ 8 мемлекет Әлем кубогіне алғаш рет қатысып жатыр.
Елімізде өтетін турнирге АҚШ, Австралия, Англия, Канада, Колумбия, Қытайлық Тайпей, Болгария, Италия, Франция, Германия, Өзбекстан және тағы да басқа мемлекеттерден үздік былғары қолғап шеберлері келді. Олардың қатарында әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
Атап айтар болсақ, 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Васили Лкадири (Франция), 2021 жылғы әлем чемпионы Робби Гонсалес (АҚШ), 2024 жылғы Олимпиада Ойындарының күміс жүлдегері Билляль Беннама (Франция), екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ниджат Гусейнов (Әзербайжан), 2022 жылғы әлем кубогінің жеңімпазы Салах Ибрахим (Германия), Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Магомед Шахидовтар (Германия) Астана төрінде күш сынасады.
Қазақстан құрамасы ерлер мен әйелдерден нөмірі бірінші спортшыларды жарысқа қосты. Сербиядағы әлем чемпионатында топ жарған боксшы қыздарымыз ұзақ үзілістен соң осы бәсекеде сынға түсуде.
Турнир жалпы есебі 20 салмақ дәрежесінде өтеді. Ерлер – 10, әйелдер – 10 салмақта бақ сынайды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне рейтингілік ұпайлар беріледі. Жеңімпаздар – 300, күміс жүлдегер – 200, қола жүлдегер 150 ұпай алады.
Бокстан АҚШ пен Канада құрамалары Қазақстанға ұзақ үзілістен кейін алғаш рет келіп отыр. АҚШ құрамасы ұлттық құрамамен бірлескен оқу-жаттығу жиындарына қатысу үшін елімізге алғашқылардың бірі болып ат басын бұрды.
Әлем кубогі Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында өтеді. Кіру тегін. Әлем кубогының үшінші кезеңі 7 шілдеге дейін жалғасады.
Әлем кубогінің финалдық кезеңі қараша айында Үндістанда өтеді.