
Бек Нұрмағанбет екінші орта салмақ дәрежесінде жұдырықтасады
Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет Betonmobile.ru сайтына берген сұхбатында кәсіби спортқа келмеген жағдайда қандай мамандықты таңдайтынын айтты.
«Егер бокс болмағанда, мен әскери қызметті таңдар едім. Маған әскерилердің өмірі ұнайды. Атам – менің кумирім, ол кісі әскери адам болған», - деді Бек Нұрмағанбет.
Айта кетейік, Нұрмағанбет екінші орта салмақ дәрежесінде жұдырықтасады. Ол қазіргі таңда мексикалық Сауль «Канело» Альварестің командасында жаттығып жүр және оның тұрақты спарринг-партнері.
Боксшының мансабын Канелоның жеке бапкері әрі менеджері Эдди Рейносо жүргізеді. Бек осы уақытқа дейін 14 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен (оның 12-сін мерзімінен бұрын аяқтаған). Дегенмен қарсыластарының деңгейі әзірге аса жоғары емес. Соңғы айларда оның екі жекпе-жегі түрлі себептермен өтпей қалған. Келесі кездесуі биыл күзде өтуі мүмкін.