
Жанкүйерлер Адаместі «Қазақ стилінен» қашып жүр» деп айыптаған
Орта салмақтағы WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамес IBF және WBO белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізсе, оны мерзімінен бұрын жеңетініне сенімді.
Бұл мәлімдемесін доминиканалық боксшы өз жазылушыларының бірімен әлеуметтік желідегі диалог барысында айтты. Жанкүйерлер Адаместі «Қазақ стилінен» қашып жүр» деп айыптаған.
– Сен менің құрметімнен айырылдың. Неге жай ғана Жәнібекпен жұдырықтаспайсың? Ол онша мықты емес қой, – деп жазды жанкүйер.
– Мен оны тоқтатар едім, – деп жауап берді Адамес.
Айта кетейік, бұған дейін Карлос Адамес қараша айында Сауд Арабиясында өтеді деп жоспарланған жекпе-жектен бас тартқан болатын. Себебі ол қазақстандық чемпионмен жекпе-жектің қаржылық және ұйымдастырушылық шарттарына келіспеген.
Сонымен қатар желтоқсан айында Жәнібек Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен унификациялық жекпе-жек өткізуі мүмкін.