
Боксшының промоутері Фрэнк Уоррен де бұл ақпаратты растады
Ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, WBC, WBO, IBO, WBA Super және IBF тұжырымдары бойынша белбеулер иегері Тайсон Фьюри келесі жылы рингке қайта оралуды жоспарлап отыр.
Британдық боксшы соңғы рет былтыр желтоқсанда украиналық Александр Усикпен реванш өткізген болатын. Сол жекпе-жекте Фьюри жеңіліп, айқастан кейін бір ай өткен соң кәсіби мансабын аяқтайтынын жариялаған еді. Алайда жыл бойы Фьюри бірнеше рет спортқа қайта оралатынын меңзеп, ықтимал қарсыластарының есімін атаған. Солардың ішінде отандасы Энтони Джошуа да бар.
Боксшының промоутері Фрэнк Уоррен де Фьюридің рингке қайта шығуға бел буғанын растады:
«Онымен өткен аптада сөйлестім. Ол маған келесі жылы рингке қайта оралатынын және тағы бір жекпе-жек өткізгісі келетінін айтты. Ол шынымен қайтып келгісі келеді», – деді Уоррен.
Айта кетейік, 36 жастағы Тайсон Фьюри кәсіби рингте 34 жеңіске жетіп, 2 рет жеңіліп, 1 жекпе-жекте тең түскен. Ол өз мансабында әлемнің ең беделді тұжырымдары бойынша бірнеше чемпиондық белбеуді иеленген.