Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лараның жекпе-жегі 6 желтоқсанда өтеді
Бірінші орта салмақтағы америкалық боксшы кіші Хесус Рамос (23-1, 19 КО) орта салмақтағы біріктіру жекпе-жегінің нәтижесіне қатысты болжам жасады. Бұл кездесу WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен WBA белбеуінің иегері Эрисланди Лара (31-3-3, 19 КО) арасында өтеді.
«Бұл жекпе-жектің нәтижесін болжау қиын. Жүрегім Лара жағында. Оның шаршы алаңда жүргеніне көп болды, тіпті «Канеломен» де айқасқан. Оның өнерін көптен бері бақылап келемін, ал соңғы кездері стилімен көпшілікті таңғалдыруда. Жасы ұлғайған сайын соққылары ауырлап, талай қарсыласын айқын нокаутпен жеңіп жүр. Бірақ Жәнібек те өте мықты. Сөйте тұра ол әлі үлкен сынақтан өткен жоқ деп ойлаймын. Ал Лара «Канеломен», Джарретт Хёрдпен жұдырықтасты, нағыз ауыр жекпе-жектерден өтті. Соңғы кездесуінде Дэнни Гарсияны жеңді. Мұндай тәжірибені ескерусіз қалдыруға болмайды. Сондықтан Лараның артықшылығы бар екені анық. Өз басым оның жеңісіне сенемін. Бұл кеште ол үш белбеумен кетеді деп ойлаймын», – деді Рамос The SchuZ Show бағдарламасына берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лараның жекпе-жегі АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында 6 желтоқсанда өтеді (Қазақстан уақытымен – 7 желтоқсан күні таңертең).