Дмитрий Бивол мен Артур Бетербиев бұған дейін шаршы алаңда екі рет жолықты
Канадалық танымал боксшы, жартылай ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Артур Бетербиев Дмитрий Биволмен трилогия өткізуге қатысты пікір білдірді.
«Матч ТВ» тілшісі жартылай ауыр салмақ жұлдызы Артур Бетербиевтен «әлем чемпионы Дмитрий Биволмен үшінші жекпе-жек өтетініне сенесіз бе?» деп сұраған.
– Білмеймін. Бірақ ер адам уәде етсе, онда ол айтқан сөзінде тұрады деп сенемін. Көрейік, не боларын уақыт көрсетеді, – деп жауап берді Артур Бетербиев.
Еске салайық, Дмитрий Бивол мен Артур Бетербиев бұған дейін шаршы алаңда екі рет жолықты. Екі жекпе-жек те жартылай ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өткен.
Бірінші кездесу 2024 жылдың 13 қазанында Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) ұйымдастырылды. Сол айқаста Бетербиев төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, абсолютті чемпион атанды. Екінші айқас 2025 жылдың 22 ақпанында дәл сол Эр-Риядта өтті. Бұл жолы да соңына дейін жалғасқан жекпе-жекте Бивол төрешілер шешімімен жеңіп, чемпиондық белбеуді өзіне қайтарып алды.
Содан бері үшінші айқасты ұйымдастыру жайлы түрлі болжамдар айтылғанымен, Биволдың командасы боксшының биыл рингке шыға алмайтынын мәлімдеді. Себебі Бивол екінші жекпе-жектен кейін операция жасатуға мәжбүр болған, сөйте тұра оның менеджері үшінші кездесу міндетті түрде өтеді деп сөз берді.
Ал Артур Бетербиев 22 қарашада Эр-Риядта өтетін The Ring IV: Night of Champions турнирінде қайта рингке шығады. Оның қарсыласы америкалық боксшы Деон Николсон болмақ.