Клубтың ресми сайтында 200 мыңнан астам адам кезекке тұрған
23 қыркүйек күні 17:00-де (Астана уақытымен) сатылымға шыққан «Қайрат» – «Реал» матчының билеттері небәрі бір күннің ішінде толықтай сатылып кетті.
Сатылым басталардан бір минут бұрын-ақ клубтың ресми сайтында 200 мыңнан астам адам кезекке тұрған. Жоғары сұраныстан серверлер істен шығып, сайт біраз уақыт қолжетімсіз болды. Бір сағаттан кейін ғана жүйе қалпына келіп, жанкүйерлер билеттерді сатып ала алды. Осылайша клуб барлық билеттердің сатылып кеткенін мәлімдеді.
Билет мәселесіне Испанияның беделді AS.com басылымы да назар аударды.
«Сейсенбі күні «Қайрат» пен Хаби Алонсо жаттықтыратын команданың арасындағы матчқа билеттер сатылымға шықты. Ел тарихындағы алғашқы ірі Чемпиондар лигасы ойыны үлкен ажиотаж туғызды. Серверлер мұндай жүктемеге шыдамай, бірнеше рет істен шықты. Әлеуметтік желілерде алматылық клуб жанкүйерлерінің шағымдары толастамай тұр. Ал сұраныс Алматыдағы 23 мың орындық Орталық стадион сыйымдылығынан үш есе көп болды. Бұл жанкүйерлер үшін туындаған жалғыз қиындық емес. Билеттердің бағасы 30 мың теңгеден бастап, ең қымбат орындарға 250 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл шамамен 46,7 еуродан 400 еуроға дейінгі аралықты құрайды. Еуропалық стандарт бойынша мұндай баға тым жоғары көрінеді, әсіресе Қазақстандағы ең төменгі жалақы 155 еуро шамасында екенін ескерсек. Дегенмен, мұндай бағалар турнир талаптарына және Чемпиондар лигасының халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді», — деп жазады басылым.
Бір қызығы, билеттерге кезекке тұрған жанкүйерлердің саны 80 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш Алматы Орталық стадионының 23 мыңдық сыйымдылығынан үш есе көп.
Стадион аумағына 18:45-тен бастап кірсе болады, яғни ойын басталардан үш сағат бұрын ашылады. Жанкүйерлерге тексеруден еркін өтіп, кезекте тұрмау үшін алдын ала келіңіздер дейміз. Стадионға үш жақтан, Абай даңғылы, Сәтбаев көшесі, Байтұрсынов көшесі жағынан кіре аласыздар. Freedom SuperApp арқылы сатып алынған билет матч күні көрсетілген электрондық поштаға жіберіледі. Ал Qairat SuperApp мобильді қосымшасында шын QR-код ойынға бірнеше сағат қалғанда ғана пайда болады, – делінген клуб ақпаратында.
УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі матч 30 қыркүйек күні сағат 21:45-те Орталық стадионда өтеді.