
Бас бапкер «Қайраттың» командалық ойынға сүйенетінін айтқан еді
Испанияның беделді Mundo Deportivo басылымы алматылық «Қайраттың» басты ерекшеліктерін саралай келе, жас шабуылшы Дастан Сатпаевқа ерекше тоқталып өтті.
Бұған дейін клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин EFE агенттігіне берген сұхбатында ұжымның негізгі қағидаларын атап көрсетті:
«Қайрат» – жеке ойыншыларға емес, командалық ойынға сүйенетін ұжым. Біздің басты артықшылығымыз – тәртіп пен ұйымшылдық. Бізде жұлдыздар жоқ, бірақ біз ашпыз», – деген болатын.
Алайда испандық басылым дәл осы тұста ерекше көзге түсіп жүрген бір футболшы бар екенін жазды. Ол – небәрі 17 жастағы Дастан Сатпаев. Жас шабуылшы осы аптада ел біріншілігінде «Жеңіс» клубына қарсы өткен кездесуде (3:1) дубль авторы атанды. Бұған қоса, ол қазірдің өзінде Лондонның «Челси» клубымен келісімге келіп, келесі маусымнан бастап ағылшын алпауытында өнер көрсетпек.
Айта кетейік, 30 қыркүйекте «Қайрат» тарихындағы ең маңызды матчтарының бірін өткізеді. Лига Чемпиондарының топтық кезеңіндегі екінші турда алматылықтар өз алаңында мадридтік «Реалды» қабылдайды.