Бапкер мынадай құраммен, мынадай қаржымен бір алтын, бір күміс және бір қола медаль аз екенін айтады
Париж олимпиадасында боксшылардың жеребе тарту рәсімі өтті. Әлеуметтік желіде сарапшылар жеңіл салмақ өкілдері Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырханға оңай болмайды, тіпті өзбек қарсыластарына жол беруі мүмкін деп отыр. Алдын ала мұндай қорытынды шығару қаншалықты ақылға қонымды? Бұл туралы ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділовтен сұрап көрдік.
– Сабырхан мен Бибосынов екінші жекпе-жектерінде өзбектермен кездеседі екен, адамдар соған қарап айтып жатқаны сөзі шығар. Өзім бұл оймен келіспеймін. Біздің балалардың физикалық дайындығы өте жақсы, бұл жерде бәрін психологиялық даярлық шешеді. Іріктеу кезеңдерінен сәтті өтті, әлем чемпионаттарында өздерін дәлелдеді. Бірақ Ташкенттегі әлем чемпионаты басқа, Париждегі Олимпиада ойындарының деңгейі бөлек.
Парижде жеребе де жаман түскен жоқ, сондықтан енді өз-өздеріне сенуі керек, болды. Әрине, өзбектердің боксы мықты екені жасырын емес. Бірақ Хасонбой Дусматовтың жасы біразға барып қалды, жеңіл салмақта жылдамдықтың қаншалықты маңызды екенін білесіздер. Сондықтан Сәкеннің оны жеңуге шама-шарқы жетеді. Махмұдқа Халоковпен бокстасқанда сауатты болу керек, себебі оның қарсыласы да өте жылдам, аяқта жақсы жұмыс істейтін әрі бойшаң жігіт. Сабырханға оны күтпей, өзі шабуылдауға, арақашықтықты бұзып отыруға кеңес берер едім.
– Қамшыбек Қоңқабаев басты қарсыласы Баходир Жалоловпен финалда кездеседі. Біздің жігіттің финалға дейінгі жолы туралы не айтасыз?
– Қамшыбектің жеребесі аса қиын емес. Бірақ ешбір қарсыласты бағаламауға болмайды, олар да тыңғылықты даярлықпен келетіні анық. Қамшыбектің де әлеуеті бар, былайша айтқанда, соңғы мүмкіндік қой, аянып қалмау керек.
– Бас бапкер бір алтын, бір күміс және бір қола аламыз деген жоспарын айтты. Сіздің пікіріңіз қандай? Геннадий Головкиннің Парижде спортшылардың қасында жүруі жағдайдың жақсаруына қаншалықты әсер етеді?
– Головкин ҰОК басшысы, өзі Парижге арнайы барды, қастарында жүріп ақыл-кеңесін айтып жатыр, сондықтан оның спортшылар үшін маңызы орасан.
Медальге келсек, өз басым мынадай құраммен, мынадай қаржымен бір алтын, бір күміс және бір қола медаль аз деп ойлаймын. Біздің мамандар межені өте төмен қойып отыр, оны көтеру керек. Боксшыларға соны түсіндіру қажет. Асланбек Шымбергенов, ағайынды Оралбайлар да жүлде үшін бара жатыр.
Төрешілердің көзқарасы қалай болады деген мәселе бар. Себебі біз ІВА құрамындамыз. Головкин ресейлік Умар Кремлев басқаратын ұйымнан шығу керек деп дұрыс айтып жатыр. ХОК қазір ІВА-ны ешқайда жолатқысы жоқ. Сондықтан бізге Кремлевтің ақшасы маңызды ма, әлде Олимпиада медалі маңызды ма, осы жағын анықтап алуымыз керек.