"Қайраттың" чемпиондығына күмән. Мазақ болған "Астана". Өтірік сөйлеген депутат – ҚПЛ-дің соңы

Дзюдоға деген махаббат, отбасылық өмір, келіндік қызмет: Ақмарал Науатбектің бапкері шәкірті туралы айтты

21.09.2024, 11:38

Париж чемпионының парадзюдомен айналысып жатқанына үш жылдан енді асқан

Дзюдоға деген махаббат, отбасылық өмір, келіндік қызмет: Ақмарал Науатбектің бапкері шәкірті туралы айтты
instagram.com/nauatbeka/

Ақмарал Науатбек – өмірін дзюдомен байланыстырып, алдына үлкен жоспарлар қойған талантты спортшы. Алайда, көз жанарының нашарлауына байланысты спорттан қол үзіп, біраз уақыт өмірден өз орнын таппай жүрді. Бұрымды спортшымыздың бағына орай, білікті бапкер жолығып, өмірін жаңа арнаға бұрып, бүгінде айтулы додалардың бәрін жеңген алғашқы дзюдошы атанып отыр. Біз осы тұста Ақмарал Науатбектің пара спортқа келгеннен кейінгі жеке бапкері Айдын Анапинге хабарласып, чемпионымыздың алдағы жоспары, отбасылық өмірінің спортқа әсері, пара спорттың мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріндегі рөлі жайлы әңгіме өрбіттік.

Олимп шыңын бағындырған чемпионының жеке бапкері өзін қысқаша таныстырып, сөз басын Ақмаралмен қай уақыттан бері жаттығу жасап келе жатқанын айтты.

«Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спортқа 2014 жылы келдім. Бастапқыда әдіскер болып жұмыс істеп, қосымша бапкерлік қызметті де алып жүрдім. Ал 2021 жылдан бастап шәкіртім Ақмаралды жаттықтыра бастадым. Бұл шақта Ақмаралдың Олимпиада спорт түрлерінен Паралимпиадаға ауысып жатқан кезі еді.

Ойымызды сәл әріден бастасам, Астанада қос жанарының дұрыс көрмеуіне байланысты бұрымды спортшының Олимпиада ойындары түрлерінен шығып кеткені туралы естіп, жүрегім ауырды. Содан ол спортшыға көмектесейін деп хабарласып, кездестік. Ақмаралға пара дзюдо туралы, оның қыр-сыры жайлы түсіндірдім. Анасымен де әңгімелестім.

Ақмаралдың бүгінге дейінгі сұхбаттарын оқысақ, дзюдо – менің өмірім, одан басқа жақтан өзімді көре алмаймын деген еді. Екеуіміз 2021 жылы кездескен кезде ол екі жылдай спорттан қол үзіп қалған екен. Тек өз бетімен айналысып жүргенін, басқа не нәрсемен шұғылданатынын, өмірін қай бағытқа бұратынын білмей, соны ойланып жүргенін айтты. Ол кезде Ақмарал парадзюдо туралы толық білмейтін, Ерғали ағамыз (Ерғали Шамей – Париж Паралимпиадасының күміс медаль иегері) сияқты мүлдем көрмейтін зағип кісілер арасындағы спорт деп ойлапты. Оған нашар көретін спортшылар да бар, сол санатта шығуға болады деп күресу ережесін, тәсілдерін түсіндіріп, видеосын көрсеттім. Міне, осыны көргеннен кейін спорттан қол үзіп, өмірден өз жолын таппай, қиналып жүрген Ақмаралдың жанарындағы сөніп бара жатқан үміт оты қайта жанып, айналасына басқаша көзбен қарай бастады. Көзім нашар көрсе де, біз де спортшылар қатарына жатады екенбіз ғой, дзюдода алдыма қойған мақсатыма әлі де жете алады екенмін деп қуанышы қойнына сыймай кетті. Ақмаралдың сол кездегі қуанышын көрсеңіздер, оны сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын. Парадзюдо оған жаңа өмір сыйлағандай әсер қалдырды», - дейді Ақмаралдың бапкері.

Ол сөзін жалғай отырып, дзюдоның пара түріне ауысарда Ақмаралдың бойында қорқыныш пен үрей қатар жүргенін де жасырған жоқ.

«Спортшы болғаннан кейін, оның үстіне мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спорт түріне ауысқаннан кейін Ақмаралдың бойын үрей билегені де бар. Қанша дегенмен ережесінде де, жаттығу тәсілінде де өзгешеліктер жоқ емес. Ол соны ойлап, алаңдап жүрді. Токио Ойындарында дзюдошыларымыз үш күміс алғанын білеміз. Олар да нашар көретін спортшылар болатын. Ақмаралдың да диагнозы сол кісілермен бірдей. Соның бәрін түсіндіргеннен кейін парадзюдоны бірге бастадық.

Одан бері үш жылдан асыпты. Нәтижесі қуантарлықтай. Өздеріңіз білетіндей, Азия, әлем чемпионы атанып, биыл Париж төрінде Паралимпиада шыңын бағындырып, атой салдық», - деді Айдын Жұматұлы шәкіртімен мақтанып.

Париж Ойындарында Ақмаралдың қасында жеке бапкерінен бөлек жақындарынан, туыстарынан да біраз адам болыпты.

«Ақмаралға қолдау көрсетіп, Парижге жанкүйер болып, жақындарынан 15 шақты адам болды. Олардың арасында әлеуметтік желіден көргеніміздей, анасы, күйеуінің анасы бар. Ал қасында күйеуі Мәди Амангелді жүрді. Жақын деген туыстарының бәрі Парижде болып, Ақмаралға ерекше қолдау көрсетті. Бұл қолдау шәкіртімнің Олимп шыңын бағындыруына ерекше күш берді», - дейді чемпионның бапкері.

Ақмарал небәрі 25 жасында дзюдошы ретіндегі айтулы додалардың бәрінің чемпионы атанды. Мұндай жетістікке жеткен спортшының мотивациясы азаятыны қалыпты деп те айтуға болар. Ал, енді бірі жеңгеннің үстіне жеңе берсем дейді. Бұл тұста Ақмаралдың алдағы жоспары қандай?

«Парижден келгеннен кейін Ақмарал екеуіміз осы тақырыпта әңгімелестік. Өзі де менен сұрайды «Ағай, барлық жарысты ұттық, енді ары қарай не істейміз?» дейді. Әзірге Ақмаралдың кішігірім жарақаттары бар. Алдымен сол жарақаттарды толықтай емдеп алайық, содан кейін ары қарай не істейтінімізді жоспарлаймыз деп келістік. Екі-үш күн бұрын анасымен, отбасымен кездескеннен кейін алдымызға тағы бір жоспар – Олимп шыңын екінші рет жеңіп алуымыз керек деп жаңа мақсат қойдық. Оған Парижде екі дүркін Паралимпиада чемпионы болған Давид Дегтяревтің жетістігі үлкен мотивация болды», - дейді Айдын Анапин.

Ақмаралдың қатардағы өзге дзюдошылардан қандай ерекшелігі бар? Әлем, Олимп чемпионы атанған спортшының бойында өзгелерден ерекше қасиеті болуы заңдылық. Чемпион болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Айдын бұл тұрғыда ойын былай жеткізді:

«Ең алдымен, бұл спортқа деген шексіз махаббат. Екінші – жеңіске жету деген басты мақсат. Паралимпиада чемпионы болу үшін алдымызға нақты жоспар қойдық. Чемпион болу үшін былай жасау керек, мынандай жаттығуға көп көңіл бөлу керек деген сияқты. Мысалы, Астанада қыстыгүні ауа температурасы -40 градус болып кетеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мұндай шақта тіпті залға жетудің өзі оңай емес. Ал Ақмаралды жаттығуынан ешнәрсе тоқтата алмайды. Ол қандай қиындық болғанына қарамастан жаттығуынан қалмайды. Себебі, ол бір жаттығуынан қалса, оның қарсыласы сол уақытта дайындалып жатқанын, бір күннің кемдігі ертең жарыста өзіне зиян болатынын біледі. Ақмарал қарсыластарынан кем жаттығу жасамауым керек деген алдына мақсат қойып алған», - деп Паралимпиада чемпионының ерекше қасиетін айтып өтті.

Ақмарал Науатбектің тұрмыс құрғанына екі жылдан асты. Отбасылық өмірі бар, ата-енесіне көрсететін келіндік қызметі тағы бар. Бұл спортшының жаттығуына, жарыстарға дайындығына кері әсер етпей ме? Спортшының бапкері осы тұрғыда өз ойын былайша жеткізді:

«Бұл ретте бапкері ретінде Ақмаралдың екінші анасы – Мәдидің анасына үлкен алғыс білдіремін. Шәкіртім де ата-енесіне шексіз риза. Олар спортшы келін алғаннан кейін оның мақсатын біліп, өздері де қолдауын аямайды. Олар қайта Ақмаралдың жаттығуларына, дайындығына көмектескені болмаса, ешқашан кедергі келтірген емес», - деп Айдын Анапин чемпионның ата-енесіне алғысын жеткізді.

Сөзін жалғай отырып, пара спортшылар олимпиадашылармен бірге жаттығатынын тілге тиек етіп өтті.

«Бізде парадзюдошылар мен дзюдошылар бірге жаттығады. Парадзюдо енді дамып келе жатқандықтан, оларға сай келетін спарринг қарсылас жоқтың қасы. Сол себепті спаррингке қарсыласты олимпиадалық дзюдодан шақырамыз. Ақмаралдың күйеуі Мәди де кәсіби дзюдошы болғандықтан, бәрі бірге жаттығады. Бір залға барып, бір жаттығу жасайды. Бәрі бірге өтеді», - дейді ол.

Сөз арасында ол Ақмаралдың деңгейінде әзірге ешкімді жекелей жаттықтырмайтынын тілге тиек етіп өтті.

«Бастапқыда келіскеніміздей, Ақмаралды алдымен жетістіктерге жеткіземіз, ал қалғанын кейінірек көреміз дегенбіз. Өзім мектепте жаттықтырушы болғандықтан, екі-үш шәкіртім бар. Олар дзюдоны енді-енді бастап келеді. Қазір Қазақстан кубогының жүлдегері болды. Әзірге тек Қазақстанның ішінде ғана», - деп шәкірттері туралы ой бөлісті.

Елдос Сметов бастаған Олимпиада жүлдегерлері елге оралғанда әуежайдан бастап сый-сыяпаттың астында қалғаны есте. Ал Паралимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері елге оралғанда санаулы адамның тек гүлмен қарсы алғанын көрдік. Әрине кейінірек, оларға да мемлекет тарапынан үй, көлік, ақшалай сыйақылар беріліп жатты. Дегенмен, олимпиадашылар секілді бірден үлде мен бүлдеге оранған жоқ. Бапкеріміз осы жайлы ойын білдірді.

«2016 жылға дейін паралимпиадалық спорттың қаржылық деңгейі өте төмен болды. Олимпиада спортымен салыстырғанда қателеспесем, бес есе аз еді. 2016 жылдан кейін Паралимпиада мен Олимпиада теңестірілді. Соның нәтижесінде әр Ойын сайын медальдарымыз да көбейіп, бізге деген көзқарас та жақсарып келеді. Рио Ойындарына дейін паралимпиадалық спорт денсаулық сақтау спорты ғана болып саналды. Қазір қатардағы кәсіби спорт ретінде саналады», - деді бапкер Айдын Жұматұлы.

Сөз ыңғайы келгенде айта кетейік, 2016 жылы Бразилияда өткен Паралимпиада ойындарында жүзуден Зүлфия Ғабидулина алтын медаль алып, тұңғыш қазақстандық чемпион атанған. Бапкер Айдын Анапин осы нәтижеден кейін пара спортшылардың жағдайы жақсарғанын меңзеді.

«Пара спорт мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірінде үлкен рөл ойнайды. Бұл олардың екінші өмірі деп айтуға болады. Денсаулығын ойлап, өмірден түңіліп отырмай, спортқа келіп, өздерін шыңдайды, шетелге жарыстарға қатысады, ең болмағанда Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, күшін сынайды. Үлкен нәтиже көрсетсе, ең алдымен материалдық жағдайы түзеледі. Қазақстан чемпионы болса, тұрақты жалақы алады, облыстардан стипендия алып тұрады. Осылайша, қоғамнан өз орнын тауып, денсаулығындағы қиындықты ұмытып кетеді», - деп чемпионымызды жаттықтырып, үлкен жетістіктерге жеткізген бапкеріміз ойын қорытындылады.

Сұхбаттасқан Аян Әбдуали

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам