Қазақстанда футбол деңгейі нөл. Айболдың “крышасы” кім? Шалдар, кетіңдер!

Кениялық легионерлер Қазақстанда тұрмайды, бірақ оларды 6 жылдан бері тегін асырап келеміз

30.09.2024, 16:20

Даниял Ахметов басқарған федерацияның тағы қандай былықтары барын аталған ұйымның бұрынғы қызметкері айтып берді

Кениялық легионерлер Қазақстанда тұрмайды, бірақ оларды 6 жылдан бері тегін асырап келеміз
коллаж: 1bol.kz

Кезінде Кениядан аттай қалап алдыртқан жеңілатлеттерден қайыр болмады. Өздері де қоржынға медаль салады, жастарымызды да тәрбиелейді деген үміттің күл-талқаны шықты. Бірақ жұмсалған миллиондаған қаражаттың есебін кім береді? 

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бұрынғы бас хатшысы әрі вице-президенті болған Алексей Кондрат та жеңіл атлетикада легионер шақырту үрдісінің жақсылыққа апармайтынын талай уақыттан бері айтып келеді. Кондраттың сөзінше, кениялық желаяқтарды Қазақстан азаматы деп айтуға да келмейді. Өйткені, ешбірі Қазақстанда тұрмайтыны өз алдына, осында жаттығуларын да жасамайды. Олардың бұдан былайғы тағдыры не болмақ? Осы және өзге де мәселелер бойынша Алексей Кондраттың пікірін назарларыңызға ұсынбақпыз.

Кениядан легионер әкелу – спорт тарихындағы ең үлкен қателік

– Алексей мырза, президент Қасым-Жомарт Тоқаев басымдықты жергілікті спортшыларға беріп, легионерлерден бас тарту мәселесін қозғаған болатын. Осы орайда жеңіл атлетика шетелдік спортшылардың көмегінен бас тарта ала ма?

– Басқа спорт түрлерінде қалай екенін білмеймін, жеңіл атлетикада 2013 жылдан бері нақты шектеу бар. Айталық, Қазақстанның паспортын алған спортшы өз азаматтығынан тек біздің паспортты алған соң ғана бас тарта алады. Сол кезде үш жылдық карантин басталады. Үш жыл ішінде бұл спортшының өз елі атынан ешбір жарысқа қатысуға құқығы жоқ. Сондай-ақ, ол жаңа елінің атынан да сынға түсе алмайды.

Қатардағы жарыстар емес, Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары, Азия чемпионаттары, Азия ойындары секілді аламандарды айтып тұрмын. Яғни ол қарапайым жарыстарға қатысқанымен, хаттамада оның бұрынғы елі жазылып тұрады. Біздің кениялық жеңілатлеттермен дәл осындай жағдай болды. 2018 жылғы желтоқсанда паспорт беріліп, үш жылдық карантин мерзімі басталды. Яғни ол 2022 жылғы қаңтарға дейін созылды. Ал оған дейінгі хаттамаларында Кения деп тұрды. Тиісінше, олар 2017 жылы Лондонда өткен, 2019 жылы Катарда өткен әлем чемпионаттары мен Олимпиада және Азия ойындарынан қалыс қалды.

Ал біз осы аралықта оларды қаржыландырдық. Енді еліміз қайтадан осындай процедураларға дайын ба, соны анықтап алуымыз қажет. Себебі қазір азаматтық алу мәселесі де күрделене түсті. Қазақстан паспортын алу үшін біраз уақыт қажет. Қателеспесем, кениялық спортшылар бізге 2017 жылғы маусым айында келді. Ал паспорттарын тек 2018 жылғы желтоқсанда алды. Яғни азаматтық алудың өзі бір жарым жылға созылды. Сонан соң үш жыл карантинді қосыңыз. Сонымен, төрт жарым жыл өтті. Төрт жарым жылда бұл атлеттермен түрлі жағдай болуы мүмкін ғой. Жарақат алып немесе допингпен ұсталып, одан қалды нәтижесі төмендеп кетуі мүмкін еді.

Айталық, 22-23 жастағы спортшы төрт жылдан кейін 26-27-де болады. Нәтижесінің төмендеуі заңдылық.

– Мұның бәрі неге сол кезде ескерілмеді?

– Мен мұндайға о бастан қарсы болғанмын. Мұндай тәжірибе бірде-бір елде жоқ. «Басқалар да солай істейді» деген өтірік. Өзге спорт түрлеріне жауап бере алмаймын, алайда жеңіл атлетикада мұндай үрдіс жоқ. Азиядан Үндістан, Қытай, Жапония, Индонезия, Сауд Арабиясы немесе Филиппинді алыңыз, легионер шақырта ма, жоқ, олар мұндай ойын ойнамайды.

Кезінде Ресей де тәжірибе ретінде көргісі келді, олар тіпті кениялық спортшыларды Қазан университетіне тіркеді. Әзербайжанда да осыған ұқсас оқиға болған. Бірақ олар Кениядан емес, Эфиопиядан шақыртты. Сол кезде допингке, паспорт мәліметтеріне байланысты үлкен дау болған.

Біз де бесеуін алдырттық, осы аралықта солардың бірі бапкер атанып кетті. Бастапқыда жүгіріп жүрді де, сонан соң қалғандарын жаттықтыра бастады. Төртеуінің тағы біреуі допинг ережелерін бұзғаны үшін жарыстардан шеттетілді. Екіншісі де бір жарым жыл бойы соттасып жүрді.

Бір жігіт былтыр ешбір жарысқа іріктеле алған жоқ, не әлем чепионатына, не Олимпиада ойындарына. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол тіпті мыңдыққа кірмеді, түсінесіз бе, мыңдыққа! Ал оның жалғыз өзіне Қазақстан бюджетінен қаншама қаражат жұмсалды?!

Оларда паспорт бар, бірақ олар біздің елдің азаматтары емес, олар Қазақстанда тұрмайды да, мұнда үйлері де жоқ. Әйтеуір бір мекенжайға тіркеп қойған шығар. Нақтысын білмеймін, себебі федерацияда көптен бері жұмыс істемеймін.

Әрі кетсе жылына екі рет келер. ШҚО атынан бір-екі жарысқа қатысып кетеді, бары сол.

Жеңіл атлетикада үміт артатын жастар жоқ, буын үзілді

– Олардан үйренгендер, тәжірибе алған жергілікті спортшылар бар ма? Бастапқыда сондай жоспар да айтылған еді ғой...

– Азаматтыққа қатысты бұл оқиға ақылға қонбайды. Олардың өз отбасылары бар. Нора Джерутоның үш баласы бар. Өзі Қазақстан азаматы екен, ал балалары ше? Кезінде Қазақстан мен Кения спортшылары бірігіп жаттығу жасайды, ортақ оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырамыз, тәжірибе алмасамыз деп даурыққан. Шын мәнінде мұның бәрі бос сөз. Әрі кетсе 2-3 адам бірер аптаға Кенияға барып келген шығар, бірақ ол жаттығу, тәжірибе жинақтау емес. Кениялық легионерлер де елге келеді-кетеді, қайдағы тәжірибе?!

Жеті жарым жылда, үлкендерді алмай-ақ қояйын, сол кездегі 14-15 жастағы жасөспірімнің жасы қазір 22-23-те. Міне, солардың нағыз жұлдызы жанатын кезі. Ал бізде бірде-бір спортшы пайда болған жоқ. Ұзақ қашықтыққа жүгіруден әлемдік деңгейді былай қойғанда, сары құрлық деңгейінде бір спортшыны көрмедік, жасөспірімдер арасында да ондай жоқ. 

Біреулер «Еуропа елдерінде легионерлер көп қой» дейді, бірақ олар әлгі спортшылардың биографиясымен таныс емес. Себебі сол саңлақтардың Англияға, Францияға өздері емес, ата-бабасы келіп қоныстанған. Олар сол елде туып-өскен, сол елдің заңды азаматтары. Олар Эфиопияға, Кенияға, Сомалиге немесе Суданға оралмайды, ондай ойлары да жоқ.

Ал біздің бес кениялық спортшымыз Өскеменде тұрады дегенге кім сенеді? Міне, мәселе сонда. Өзіміз сенбесек, онда оларды қазақстандықтар деп қалай айтамыз?! 

Жарыстардан шеттетілген Каролин Чепкоеч Кипкируиге қазақстандық спортшылармен бірге жаттығуға тыйым салынды. Ол тіпті Нора Джерутомен де жаттыға алмайды. Оның Туризм және спорт минитстрлігінен де, Ұлттық олимпиада комитетінен де, жалпы Қазақстаннан бір тиын алуға құқығы жоқ. Сондықтан оның не істеп жатқанын түсінсем бұйырмасын. 2026 жылға дейін дисквалификацияда.

Әлгі жігіт мыңдықтың сыртында жүр. Одан не үміт, не қайыр?! 

Нора мен Дейзи Джепкемеи Олимпиада ойындарына қатысты. Ал 2026 жылғы Азия ойындарында олардан қандай үміт барын білмеймін.

ҰОК те, министрлік те, федерация да ләм-мим демейді. Тек бұрынғы министр Ермек Маржықпаев нәтижеге көңілі толмайтынын жеткізді. Қазірдің өзінде олар жас емес, тағы төрт жылда 33-34-те болады. Бәрі олардың келісімшарттарында не жазылғанына байланысты. Әзірге олар ұлттық құрама мүшелері.

Одан қалды бір рет қана азаматтық ауыстыруға болады. Олар Қазақстан азаматтығын алғанымен, Кенияға қайта алады, бірақ басқа елдің азаматтығын ала алмайды. Ал, олар Кенияға қажет пе? Сұрақтың бәрін шешімді қабылдайтын адамдарға қою керек.

Қазақстанда жеңіл атлетика бапкерлері қалмады

– Сонда Шишигина, Рыпаковалардың жолын жалғайтын өзіміздің жұлдыздар қашан шығады?

– Бізді «жас спортшы жоқ» деп жиі айыптайды. Сәтсіздікке ұшырағанымызбен, қазір басшылық ауысты. Бірақ біз Парижде ғана емес, соңғы екі Азия ойындарында мардымды нәтижеге қол жеткізе алған жоқпыз.

Соңғы Азия ойындарында жеңілатлеттер тіпті күміс медаль ала алмады. Оған дейін 3-4 алтын медаль еншілейтінбіз.

Себеп көп, ең біріншісі – біз елдегі нөмірі бірінші спорт емеспіз. Жеңіл атлетикаға келушілер саны айтарлықтай көп емес. Екіншіден, тағы бір маңызды факторлардың бірі – халық саны. Біз жақында ғана 20 миллионнан астық. Ал Қытай мен Үндістанда 1,5 миллиардқа жуық халық бар. Оларда спортшыларды іріктеуде 70 есе басымдық бар деген сөз.

Қазір бапкерлер де азайып кетті. 1992 жылға дейін жеңіл атлетика федерациясында 28 мұғалімнің 14-інде еңбек сіңірген бапкер атағы болатын. Бірнеше маман ұлттық құрамамен жұмыс істеді, шәкірттері де болды. Сол 26-ының 20-сы жаттықтыру ретінде жұмыс істеді. Менің бапкерім де кафедрада сабақ беретін. Ал қазір Туризм және спорт академиясында Жеңіл атлетика кафедрасы мүлдем жоқ, оны алып тастаған. Яғни кез келген спорттың, тіпті шахматтың базасы саналатын жеңіл атлетика кафедрасы керек болмай қалды.

Орыс бөлімінде бір жігіт бар, ол кезінде шынымен жап-жақсы спортшы болды. Қазақ бөлімінде екі жігіт жұмыс істейді. Олардың спорттық карьерасынан хабарым жоқ екен, бәлкім ұстаз ретінде білікті шығар. Сонда небәрі үш-ақ маман. Егер мен жеңіл атлетикадан бапкерлік қызметті үйренгім келсе, академияда маған оның әдістемесін, теориясы мен жаттығулардың бәрін түсіндіріп беретін адам жоқ.

Кәдімгі базалық білім беретін маман қалмаған. Сондықтан бапкерлерді шақыру туралы әңгіме қозғалғанда, ең алдымен ұстаздарды шақыру керек дер едім. Өз ісін білетін, жауапкершілігі бар адамдарды алдыртайық.

Президент те өз сөзінде клубтарға миллиардтаған ақшаны құя бермей, балалар спортына, бұқаралық спортқа басымдық беру туралы айтып жүр, өте орынды.

Алматы қаласын алайық, 2,5 миллион халық тұрады. Бірақ жеңіл атлетикадан бір ғана олимпиадалық резерв мектебі бар. Ал ондағы балалар саны – 340. 1992 жылы мұндай мектептер саны алтау еді. Париждегі Олимпиада ойындарына Алматыдан бір де бір жеңілатлет қатысқан жоқ. Еліміздің үш қана өңірі жеңілатлеттерін жіберді. Қалған 17-сінің өкілдері жоқ. Кезінде Қарағанды, Павлодар, СҚО-ның базасы қандай керемет еді.

Алматыдағы Орталық стадионды да алып қойды, енді қаладан 25 шақырым жерге барып дайындалуың керек. Балаңыз жеңілатлет болса, сіз оны сол жаққа жіберер ме едіңіз? Алматыда әлемдік емес, қатардағы жарыстар ұйымдастыратын стадион жоқ. Тастанды «Локомотив» немесе «Спартакты» жағалайды. Сондықтан нәтиженің төмендеуі заңдылық.

– Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет.

P.S. Айта кетейік, Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясын ұзақ жылдан бері Даниал Ахметов басқарады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам