ЖБ Шоу #11! Жаңа шығарылым! Азиада-2011: Алматыдағы «позор»

Әлем чемпионы болғанымда билік небәрі 300 мың теңге берді – Мөлдір Жаңбырбай

19.12.2024, 10:45

Спортшы қыз қыркүйек айында операция жасатып, жаттығу залына жақында ғана оралған

Әлем чемпионы болғанымда билік небәрі 300 мың теңге берді – Мөлдір Жаңбырбай
instagram.com/moldir_zhangbyrbay/

Каратэден қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай жуырда Мәскеуде өткен ірі халықаралық турнирде чемпион болған еді. Осы жарыстан кейін спортшымен жеке сұхбаттасудың сәті түсті.

Еске салайық, Мөлдір 2023 жылы желтоқсанда Венгрия астанасында өткен әлем чемпионатында топ жарып, Қазақстан тарихында алғаш рет каратэден әлем чемпионы атанған болатын.

– Мөлдір, тура бір жыл бұрын сіз тарихты жаңарттыңыз. Осы оқиғадан кейін өміріңізде бір өзгерістер болды ма? Бізде бокстан, күрестен әлем чемпионы атанып келген спортшыны әдетте үлде мен бүлдеге орап тастайды ғой…

– Чемпион болғаннан кейін өмірім қатты өзгерді деп айта алмаймын. Бірақ жақсы танымалдылық алып келді. Себебі телеарналар, YouTube-каналдар шақырып, қонақ қылды. Ал мемлекет тарапынан «Үздік спортшы» деген жүлде алдым. Туған жерім Қызылорда облысының әкімдігі 300 000 тенге сыйақы берді. Болды.

Басқа спорт түрлерінен әлем чемпионы атанып жатқан спортшыларға расымен де автокөлік, үй, миллиондаған теңге сыйақы беріп жатқанда, маған 300 мың теңге берді. Яғни, өзгелерге секілді сый-құрмет көрсетілмеді.

– Телебағдарламаларға жиі шақыратын болды деп жатырсыз, киноға түсуге ұсыныс болмады ма?

– Әзірге киноға түсуге ешқандай ұсыныс түскен жоқ. Бірақ, екі рет бейнеклипке түстім. Негізі медиа саласына жиі жолым түседі. Болашақта қандай ұсыныстар болатынын көрерміз…

– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда жеке бапкеріңізге арналған әсерлі жазбаңызды көзім шалды…

– Иә, 13 жасымнан бастап менің жеке бапкерім болған Абжамиев Рүстем Батырханұлы туралы айтып отырғаныңызды түсіндім. Өкінішке қарай, 2020 жылдың қараша айында дүниеден озды. Бапкерім өзі ауырып жатса да үнемі мені қадағалап, жарыстарымды бақылап отыратын. Барлық спорттық оқу-жаттығуларға үзбей қатыстырды. Барған жарыстарымнан жүлдесіз қайтсам да маған өмірінің соңына дейін сенген жалғыз адамның бірі болды. Өзімнің әкімдей болған жан. "2020 Токио олимпиадасына қатысса екен" деген үлкен арманы болған. Әттеген-ай дейтінім, ол арманы орындалған кезде марқұм болды.

– Сіздің күйеуіңіз де каратэші. Екеуіңіз бірге жиі түрлі жарыстарда, шетелде боласыздар. Қызыңызды бірге алып жүретініңізді байқадым. Жарыс кезінде балаға кім қарайды?

– Бара жатқан елдің климатына байланысты баланы алып бару-бармау жағын шешеміз. Жарысқа жалғыз барсам өзіммен бірге ертпеймін. Үйде ата-әжесі бағады. Ол кісілер бала тәрбиесіне көп көмектеседі. Сондай-ақ, күйеуімнің әпкесі де кейде жұмысынан сұранып келіп қызымызды қарап береді. Ал, жарыс кезінде жанымыздағы спортшы қыз-жігіттер кезектесіп қарайды.

– Ата-енеңіз спортпен шұғылдануыңызға жалпы қарсы емес пе? Келіндік міндетті атқарып үйде отыр деген сияқты талаптар қоймай ма?

– Спортпен шұғылдануыма ешкім қарсы емес. Ол кісілердің көзқарасы оң. Керісінше қолдап, менің тұрақты түрде жаттығу жасауыма, жарысқа дайындалуыма көмектесіп, барлық жағдайымды жасайды. Баланы да қарап, тамақты да істей береді. Мен ата-енеден жолы болған бақытты адаммын.

– Кәсіби спортшы болғысы келетін жастарға ақыл кеңесіңіз? Егер балаңыз спортшы боламын десе қарсы емессіз бе?

– Кәсіби спортшы боламын деген жастарға айтарым: бастысы еңбек ету керек. Одан кейін жаттықтырушы мен спортшының тынымсыз бірге жасайтын жұмысы бар. Өз-өзіңді қайрап, үнемі күресіп отыру қажет. Қарапайым болуң міндетті. Тіпті қарсыласқа деген құрмет те маңызды. Кішіпейілдік адамды әрдайым алға сүйрейді. 

Балама келетін болсақ әлі кішкентай. Небәрі екі жаста. Бірақ қазірдің өзінде қызығушылығы байқалады. Қызым қандай мамандық таңдаса да біз қолдаймыз. Біз спорттан еш жамандық немесе зиян нәрсе көріп отырған жоқпыз. Сондықтан әрине спортшы болғанын да қалаймын.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам