Тіпті Мбаппе де бұндайға бармаған шығар
«Қайрат» клубының қақпашысы Шерхан Қалмырза Қазақстан Бірінші лигасының 26-турындағы матчта есте қаларлық сәттің басты кейіпкеріне айналды. Ол «Қайрат-Жастар» мен «SD Family» арасындағы кездесуде алаң ортасынан бағытталған соққыдан кейін гол өткізіп алды.
Бұл жағдай Ресейдің танымал Sport Baza Telegram-арнасының назарынан тыс қалмады. Арна қақпашының әрекетіне қатысты әзілге толы жазба жариялады:
«Чемпиондар лигасында «Қайраттың» қаһарманы атанған Шерхан Қалмырза Қазақстан Бірінші лигасында алаң ортасынан гол өткізіп алды.Тіпті Мбаппе де бұндайға бармаған шығар. Ал жақында «Реалмен» болған матчтан кейін қақпашыға мінсіз ойыны үшін жол талғамайтын көлік сыйлаған еді. Енді оны қайтаруға тура келе ме?» - деп жазды Sport Baza.
Қызықты сәтке қарамастан, алматылық клуб өз алаңында 5:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. Бұл жеңіс «Қайрат-Жастардың» Бірінші лигадағы позициясын нығайтты.
Шерхан Қалмырза бұған дейін Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде мадридтік «Реалға» қарсы тамаша ойын көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленген болатын.
Сол кездесуден кейін демеушілер қақпашының ерлігіне риза болып, оған жол талғамайтын автокөлік сыйлаған еді.