
Қазақ балуаны алда өтетін Азия және әлем чемпионаттарына дайындығын ертеңнен бастауға уәде берді
Алматыда өткен PWL турнирінде Олимпиада чемпионы америкалық Кайл Снайдерден жеңіліп қалған Ризабек Айтмұқан белдесуден кейін журналистермен жеке кездесіп, жанкүйерлерінен кешірім сұрады.
Айта кетейік, Ризабек 92 келіде әлем чемпионы болған. Ол былтыр салмағын 97 келіге көтеріп, жаңа салмаққа енді ғана бейімделіп жүр. Ал, Снайдер болса 97 келіде Олимпиада ойындарын жеңіп алған.
«Снайдер өте мықты, мойындау керек. Ең бірінші, өзімнің елінен кешірім сұраймын. Өзімді дұрыс көрсете алмадым. Жеңілгеніме ұялып тұрмын. Барлық жанкүйерден кешірім сұраймын. Үмітін ақтамадым.
Бірақ, осымен тоқтамаймыз. Бүгін көптеген қателік жібердім. Солардың бәрін зерттеп, ертеңнен бастап қателіктермен жұмыс істейміз. Бүгін жеңілдім деп сынбай, алдағы уақыттағы бәсекелерге дайындаламыз. Алда әлем және Азия чемпионаттары бар. Сол додаларда өзімді дәлелдеймін», - деді Ризабек Айтмұқан.
Кайл Снайдер – 2015 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы, 2016 жылы Рио Олимпиадасының чемпионы. Токиода өткен Олимпиада ойындарында алтын үшін тартыста есе жіберіп, күміс медаль алған. Сонымен қатар, Париждегі Олимпиада да қола медаль үшін белдесуде парсы балуанынан жеңілген.
Ал, Ризабек Айтмұқан үш түрлі жас санаты бойынша әлем чемпионы. 2023, 2024 жылы Азия чемпионатының күміс жүлде иегері.