
Ардагер былғары қолғап шебері бокста салмақ санының азаюына қатысты ойын бөлісті
Кезінде екінші жеңіл салмақта әлем чемпионы атанған, бүгінде Жамбыл облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Марат Мәзімбаев облыс құрамасындағы өзгерістер жайлы айтып берді.
«Дулат Бекбауов 65 келіге ауысады. Себебі 65 келі – World Boxing-те олимпиадалық салмақ. Бапкерімен сөйлестім, өздері дайын. Жаңа салмақта алғашқы жарысы Таиландта өтеді», - деді Мәзімбаев.
Сонымен қатар ардагер былғары қолғап шебері бокста салмақ санының азаюына қатысты ойын бөлісті.
«Гендерлік теңдік үшін деп олимпиадалық салмақ азайды, сол жағы қиындау болып тұр. Біз бокстасқан кезде он салмақ бар еді. Яғни медаль алу мүмкіндігі де көбірек еді. Қазір ерлер арасындағы салмақты азайтып, қыздарды көбейтті», - деді ол.
Бұдан бөлек ол бүгінгі құрамадағы боксшылардан кімнің өнеріне ерекші көңілі толатынын тілге тиек етті.
«Өзіме Төрехан Сабырханның бокстасу мәнері ұнайды. Шоу жасай біледі, стилі кәсіпқой боксқа да жақсы келеді. Өзім әуесқой боксты да, кәсіпқой боксты да қатар қараймын. Жәнібек Әлімханұлының стилі де бөлек. Сонымен қатар әлемдік деңгейде жапониялық Наоя Иноуэның аяқ алысы жаман емес. Кезінде қазақстандық Біржан Жақыптан жеңілген. Сөйте тұра екі бірдей салмақта абсолютті әлем чемпионы атанды», - деді ол.
Бұрынғы әлем чемпионы кәсіпқой бокста жетістікке жетудің жолын айтты.
«Кәсіпқой бокста жетістікке жету үшін мықты менеджер мен промоутерлік компания керек. Сосын білікті бапкер мен команда қажет. Осылар болса, біздің жігіттердің арасында алысқа шабатындар аз емес. Жәнібек Әлімханұлының жолын Әли Ахмедов, Батыр Жүкембаев секілді былғары қолғап шеберлері жалғайды деп ойлаймын», - деп қосты Марат Мәзімбаев.