Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

Өзбек боксының мақтанышы Абдумалик Халоков финалда жеңіліп қалды

13.12.2025, 20:11

Жеңіс ресейлік спортшыға берілді

Өзбек боксының мақтанышы Абдумалик Халоков финалда жеңіліп қалды
©t.me/boxinguzbekistan

Дубай қаласында өтіп жатқан IBA нұсқасы бойынша 2025 жылғы бокстан әлем чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінің финалдық жекпе-жегі өтті.

Алтын медаль үшін 2024 жылғы Париж Олимпиадасының чемпионы, Өзбекстан құрамасының өкілі Абдумалик Халоков пен Ресей боксшысы Всеволод Шумков жұдырықтасты. Тартысты өткен финалда төрешілердің қақ жарылған шешімімен (4:3) жеңіс ресейлік спортшыға берілді.

25 жастағы Абдумалик Халоков бұған дейін Ташкентте өткен 2023 жылғы әлем чемпионатында топ жарған. Сондай-ақ ол Париж-2024 Олимпиадасынан кейін, 2025 жылдың қыркүйегінде World Boxing ұйымы ұйымдастырған алғашқы әлем чемпионатында да алтын медаль иеленген. Бұдан бөлек, оның еншісінде 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесі бар.

Ал 24 жастағы Всеволод Шумков үшін бұл – әлем чемпионаттарындағы екінші жүлде. Ол 2023 жылы әлем чемпионатында қола жүлде алған.

Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстан құрамасы үшін алтын жүлдені Хасанбой Дусматов (51 кг) жеңіп алған еді. Бүгін Өзбекстан атынан тағы бірнеше боксшы рингке шығады. Атап айтқанда, Асадхужа Муйдинхужаев (67 кг), Жавохир Умматалиев (80 кг), Турабек Хабибуллаев (92 кг) және Арман Маханов (+92 кг) финалдық кезеңдерде бақ сынайды.

Бокстан әлем чемпионаты 4-13 желтоқсан аралығында өтеді. Турнир жеңімпаздарына 300 мың доллар, күміс жүлдегерлерге 150 мың доллар, қола медаль иегерлеріне 75 мың доллар көлемінде сыйақы табысталады. Ал ширек финалға дейін жеткен боксшылар 10 мың доллардан алады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам