Ол Венгриядағы жағдайды есіне алды.
Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесов Асланбек Бадаевқа берген сұхбатында қазақ тілін не себепті меңгермегенін түсіндірді.
Жүргізуші сұхбат барысында Черчесовтен Қазақстанда жұмыс істеген уақытта қазақ тілін қаншалықты үйренгенін сұрап еді, бапкер бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу болмағанын мойындады.
Оның айтуынша, бұл шешім жұмыс ерекшелігі мен тілдік ортаға байланысты қабылданған. Ол Венгриядағы тәжірибесін де еске алды.
«Менің командамда бір елден емес, жиырма түрлі мемлекеттен келген ойыншылар болды. Америкадан бастап Кенияға дейінгі футболшылар жиналды. Сол кезде-ақ бұдан былай орыс тілінде сөйлейтін елде жұмыс істегім келетінін айтқанмын. Қазақстанға келгенде де өзімді дәл сол ортаға тап болдым деп ойладым. Алайда белгілі бір нюанстар бар екенін кейін түсіндім», - деді ол.
Черчесов өз сөзінде осетин екенін, өзінің де ана тілі бар екенін атап өтті. Ол ана тілінің маңызын жақсы түсінетінін, алайда жұмыс барысында ортақ тілдің болғанын дұрыс көретінін жеткізді.
«Мен онымен орыс тілінде сөйлесіп тұрсам, ол маған қазақша сұрақ қояды, тиісінше не айтқанын түсіну үшін аудармашыны күтуге мәжбүр боламын. Бұл сәл өзгеше жағдай деп ойлаймын. Мұнда ешкімге реніш білдіргім келмейді. Мен мұны әдейі істеген жоқпын, бәлкім мені де дұрыс түсінбеген шығар немесе мен ойымды жеткізе алмаған болармын», - деп түйіндеді Черчесов.