Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

Әли Әлиев Астананың клубына бас бапкер болды

20.12.2025, 20:36

Ұлттық құрамадан бес матчтан кейін кеткен 

Әли Әлиев Астананың клубына бас бапкер болды
ҚФФ

Қазақстан Премьер-лигасында жаңа тағайындау болды. Елордалық «Жеңіс» футбол клубы команданың тізгінін тәжірибелі қазақстандық маман Әли Әлиевке сеніп тапсырды.

Клуб жаңа бас бапкердің тағайындалғанын әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы хабарлады. Басшылық Әлиевтің мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі команданың нәтижесін жақсартуға сеп болады деп үміттенеді.

Әли Әлиев 1980 жылы дүниеге келген. Ол футболшылық мансабын 1998 жылы Алматының ЦСКА-«Қайрат» клубында бастап, кейін «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл», «Восток», «Ордабасы» командаларында, сондай-ақ Түркияның «Акчаабат Себатспор», «Кайсери Эрджиесспор», «Карталспор», «Диярбакырспор» клубтарында өнер көрсетті.

2015–2018 жылдары «Қызылжар» сапында ойнап, кейін осы команданың бас бапкері қызметін атқарды. 2019 жылы петропавлдық клубты Бірінші лиганың чемпионы атандырды. 2021 жылдың басында қарағандылық «Шахтерді» басқарғанымен, үш айдан кейін қызметінен кеткен еді.

Биыл Әли Әлиев Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалып, бес турдан кейін қызметін аяқтады. Сонымен қатар ол бұған дейін, 2022 жылы, «Жеңіс» клубында да бас бапкер болып жұмыс істеген.

Айта кетейік, бұған дейін елордалық клубты Андрей Демченко жаттықтырды. Ол жазда грекиялық Акис Вавалистің орнына келген болатын. Демченконың жетекшілігімен «Жеңіс» 17 матчта 8 жеңіс, 6 тең ойын және 1 жеңіліс тіркеп, 36 ұпаймен турнир кестесінде алтыншы орынға тұрақтады.

Клуб басшылығы маусым алдындағы жаңа мақсаттарға байланысты бапкерлік құрамда өзгеріс жасау туралы шешім қабылдаған.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам