Арсен Венгер офсайд ережесін өзгерту туралы бастама көтерген
Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) офсайдты анықтау ережесін өзгерту жөніндегі ұсынысты қолдаған жоқ.
Испаниялық AS газеті Халықаралық футбол қауымдастықтары кеңесі (IFAB) офсайд ережесіне өзгеріс енгізу мәселесін 20 қаңтарда қарайтынын жазған болатын.
Қазіргі қолданыстағы ереже бойынша, шабуылдаушы ойыншының доп тебуге, соғуға ыңғайлы дене мүшесінің кез келген бөлігі пас берілген сәтте қарсылас қақпасына алдыңғы қатарда орналасқан қорғаушыдан (қақпашыны қоса алғанда) ілгері тұрса, офсайд белгіленеді.
Ал осыған дейін Лондонның «Арсенал» клубының бұрынғы бас бапкері, қазіргі таңда ФИФА-ның футболды жаһандық дамыту бөлімінің жетекшісі қызметін атқаратын Арсен Венгер офсайд ережесін өзгерту туралы бастама көтерген болатын. Оның ұсынысы бойынша, егер ойыншының гол соғуға болатын дене мүшесінің кез келген бөлігі алдыңғы қорғаушымен бір сызықта немесе одан артта орналасса, онда офсайд тіркелмеуі тиіс. Алайда бұл ұсынысқа УЕФА қолдау білдірмеді.