Ол - отандық спорт медиасындағы танымал тұлғалардың бірі.
Белгілі спорт журналисі әрі комментатор Ермұхамед Мәулен «Ордабасы» футбол клубының президенті кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі ресми түрде хабарлады.
Клубтың мәлімдемесінде:
«Ордабасы» футбол клубының президенті кеңесшісі қызметіне Ермұхамед Мәулен тағайындалды. Ермұхамед Мәулен осыған дейін Қазақстан футбол федерациясының Қоғаммен байланыс және коммуникациялар департаментінің директоры, ҚФФ президенті кеңесшісі және Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз хатшысы болып еңбек атқарған. «Ордабасы» футбол клубына қош келдіңіз дейміз!» - делінген.
Ермұхамед Мәулен - отандық спорт медиасындағы танымал тұлғалардың бірі. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. 2013-2016 жылдары «Qazsport»телеарнасында редактор болып жұмыс істеді. 2014 жылы Бразилияда өткен футболдан әлем чемпионатын қазақ телевизиясы тарихында тұңғыш рет оқиға орнынан тікелей жүргізген комментатор ретінде кеңінен танылды.
2017-2018 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің спорт бөлімін басқарса, 2019 жылы «Хабар» агенттігінде спорт бөлімінің продюсері қызметін атқарды. 2020 жылы қайтадан «Qazsport» телеарнасына оралып, арнайы жобалар редакторы болды.
2021 жылы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметін басқарған Ермұхамед Мәулен 2022-2024 жылдары ҚФФ президентінің кеңесшісі қызметін атқарды. Енді ол өз тәжірибесі мен кәсіби білімін «Ордабасы» футбол клубының дамуына бағыттамақ.