Ол қазір еркін агент.
Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов мансабын Еуропада жалғастыруы әбден мүмкін. Бұл туралы футболшының агенті Траян Гергишан Vesti.kz-ке берген сұхбатында айтты.
Бұған дейін Айымбетовтің Румыния чемпионатының жоғары дивизионында өнер көрсететін «Петролул» клубына ауысуы мүмкін екені жөнінде ақпарат тараған болатын. Алайда агенттің айтуынша, келісім әзірге толық аяқталған жоқ.
«Қазіргі таңда бірнеше клубпен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Иә, олардың қатарында «Петролул» да бар. Бұл - нақты нұсқалардың бірі», - деді Айымбетовтің өкілі.
Айта кетейік, «Петролул» қазір Румыния чемпионатының турнирлік кестесінде 12-орында тұр. Дегенмен өз тарихында үш мәрте ел чемпионы атанып, Румыния кубогын да иеленген.
Еске сала кетейік, Абат Айымбетов өткен маусымда Түркияның «Адана Демирспор» клубында ойнады. Алайда келісімшарт ұзартылған жоқ. Содан бері қазақстандық шабуылшы еркін агент мәртебесінде жүр.