Ол ҚПЛ-да 220 матч өткізген.
Қазақстан чемпионатында ұзақ жылдар өнер көрсеткен тәжірибелі жартылай қорғаушы Роджер Каньяс кәсіби футболдағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді.
«Мен футболшы ретінде мансабымды ресми түрде тәмамдадым. Әзірге немен айналысатынымды нақты білмеймін. Қазір Колумбиядамын, ел қатарлы өмір сүріп жатырмын», - деді Каньяс.
Айта кетейік, Колумбияның жастар құрамасында ойнаған Роджер Каньяс Қазақстан Премьер-лигасында 220 матч өткізіп, төрт мәрте ел чемпионы атанды. Ол елордалық «Астана» мен қарағандылық «Шахтерден» бөлек, «Ордабасы» және «Ертіс» клубтарының да намысын қорғаған.
35 жастағы футболшы 2024 жылдың соңында «Шахтер» сапынан кеткен еді.