Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетті
Қазақстан футбол федерациясы Талғат Байсуфиновтың ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
ҚФФ мәліметінше, федерация отандық маманның отставкасын өкінішпен қабылдаған. Сонымен қатар ұйым Байсуфиновтың шешіміне құрметпен қарайтынын жеткізді.
Талғат Байсуфинов ұлттық құрамадағы жұмысы барысында өз кезеңдері ішіндегі ең үздік нәтижелердің бірін көрсетті. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгиямен өз алаңында тең ойнап, маңызды ұпай еншіледі.
Федерацияның хабарлауынша, Байсуфинов командаға өз күшіне деген сенімділікті қайтарып, ұлттық құраманың ФИФА рейтингіндегі орнын жақсартуға үлес қосты.
ҚФФ Талғат Маруаұлына кәсібилігі, жұмысына деген адалдығы және Қазақстан ұлттық құрамасының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ маманға алдағы кәсіби қызметінде сәттілік тіледі.
Ұлттық құраманың бапкерлер штабын жасақтау бойынша келесі қадамдар кейінірек хабарланады. Федерацияның мәліметінше, Қазақстан құрамасының алдағы матчтарға дайындығы жоспарға сай жалғасады.