Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Елімай» – «Ордабасы» матчындағы жанжалдан соң бірнеше адам қатаң жазаланды

Бүгін, 15:52

ҚФФ жанжалға қатысушыларды жаппай жазалады

«Елімай» – «Ордабасы» матчындағы жанжалдан соң бірнеше адам қатаң жазаланды
Видеодан кадр

Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті «Елімай» мен «Ордабасы» арасындағы матчтан кейін орын алған жанжалға қатысты бірқатар тәртіптік жаза тағайындады.

Комитет шешіміне сәйкес, матч барысында бас төрешіге физикалық қысым көрсетуге әрекеттенген «Елімай» ойыншысы Жан Әли Пайруз төрт матчқа шеттетілді. Оның дисквалификациясы 2026 жылдың 15 маусымынан бастап есептеледі.

Сондай-ақ төрешілердің шешіміне агрессивті түрде наразылық білдіріп, жанжалдың туындауына себеп болды деп танылған «Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович те төрт ойынға шеттетілді.

Клубтың басқарушы директоры Федор Симинидиге қатаң жаза қолданылды. Ол матчтан кейін төрешілер бөлмесіне заңсыз кіріп, матчтың ресми тұлғаларына балағат сөздер айтып, қорқыту әрекеттерін жасағаны үшін 1 қазанға дейін «Елімай» қатысатын матчтар өтетін стадиондарға кіру құқығынан айырылды. Сонымен қатар оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Тәртіптік комитет «Елімай» клубына да бірнеше санкция жүктеді. Жанкүйерлердің төрешілерге қатысты қорлайтын сөздер айтуы, алаңға заттар лақтыруы және қауіпсіздік талаптарының сақталмауы үшін клубқа 300 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, матч барысында бір ойыншы мен екі клуб өкілінің алаңнан қуылуына байланысты тәртіпсіз мінез-құлық үшін «Елімай» тағы 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Жаза тек клуб өкілдеріне ғана емес, матчтың бас төрешісі Арман Есмұратовқа да қатысты болды. ҚФФ мәліметінше, төреші матчтан кейін «Елімай» өкілдерінің атына балағат сөздер айтып, Әдеп кодексінің талаптарын бұзған. Осыған байланысты ол 2026 жылдың 1 қазанына дейін төрешілік қызметтен шеттетілді.

Осылайша, Семейде өткен «Елімай» – «Ордабасы» кездесуінен кейінгі дау бірнеше тарапқа тәртіптік жаза қолданумен аяқталды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам