Чесноков Ұлыбританиядағы өмірге бейімделе алмаған
Шотландиялық БАҚ қазақстандық футболшы Ислам Чесноковтың эдинбургтік «Хартстан» не себепті күтпеген жерден кеткенін жариялады.
Edinburgh News басылымының мәліметінше, 26 жастағы Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысының клубпен келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуына футболдағы көрсеткіші емес, тұрмыстық және психологиялық қиындықтар әсер еткен.
Дереккөздің жазуынша, биыл қаңтар айында ұзақ келіссөздерден кейін Шотландияға ауысқан Чесноков Ұлыбританиядағы өмірге бейімделе алмаған. Футболшыны алаңнан тыс тұрмыстық және менталдық мәселелер мазалағандықтан, ол клуб басшылығынан өз келісімшартын тоқтатып, Қазақстанға оралуға рұқсат беруді сұраған. Нәтижесінде «Хартс» ойыншының өтінішін қабылдап, оны командада қалдыруға тырыспаған.
Сонымен қатар Чесноковтың Қазақстанға оралуы тегін жүзеге аспағаны белгілі болды. Transfermarkt порталының мәліметіне сәйкес, «Тобыл» футболшыны қайтару үшін «Хартсқа» 400 мың еуро көлемінде өтемақы төлеген.
Айта кетейік, Ислам Чесноков өткен қыста шотландиялық клубқа еркін агент ретінде ауысқан еді. Оның «Хартспен» келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін жарамды болатын. Алайда тараптар мерзімінен бұрын келісімді тоқтатты. Енді қазақстандық вингер «Тобылмен» 2028 жылдың соңына дейін есептелген жаңа келісімшартқа қол қойды.