АҚШ президенті мен ФИФА басшылығының оғаш қылығы әлемдік БАҚ-та үлкен сынға ұшырады
Футболдан Әлем чемпионаты АҚШ құрамасы үшін аяқталды. 1/8 финалда Бельгиямен кездескен америкалықтар ойсырай жеңіліп, президент Трамп пен жанкүйерлерінің үмітін ақтай алмады.
Матч 4:1 есебімен Бельгияның пайдасына аяқталды. Ойынның небәрі 9-минутында Шарль де Кетеларе айып алаңының ішінде допқа бірінші жетіп, жақын қашықтықтан мүлт кеткен жоқ.
31-минутта АҚШ құрамасы есепті теңестірген, гол авторы – Малик Тиллман. Ол айып добын асқан шеберлікпен орындап, Тибо Куртуаға еш мүмкіндік қалдырмады. Алайда, америкалықтардың мұнан әріге шамасы жеткен жоқ. Араға небәрі екі минут салып Кетеларе өз командасын қайта алға шығарды.
Екінші таймда бельгиялықтар қарсылас қақпасына жауапсыз тағы екі гол соқты. Алдымен 57-минутта Ханс Ванакен қақпашының өрескел қателігін ұтымды пайдаланып, өз қанжығасын майласа, төреші қосқан қосымша минутта Ромеро Лукаку таблодағы есепті 4:1-ге жеткізді.
Осылайша, Дональд Трамптың ФИФА басшылығына ықпал етіп, қызыл қағаз алған америкалық шабуылшы Балогунды алаңға қайтаруы АҚШ құрамасына көмектескен жоқ.
Есте болса 1/16 финалда Босния және Герцеговинамен ойнаған АҚШ құрамасы жеңіске жеткенімен, негізгі шабуылшы Фоларин Балогун ережені өрескел бұзып, қызыл қағаз алған еді. Мұнан кейін Трамп ФИФА президенті Инфантиноға тікелей хабарласып, төрешінің үстінен шағымданған. Артынша Тәртіптік кеңес аталған жазаның күшін жойды. Ал, Балогун Бельгиямен болған матчқа қатысты.