Францияны 2:0 есебімен сенімді түрде жеңді
Испания құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Луис де ла Фуэнте шәкірттері жартылай финалда Францияны 2:0 есебімен сенімді түрде жеңді.
Кездесу АҚШ-тың Арлингтон қаласындағы AT&T Stadium аренасында өтті. Есепті 22-минутта Микель Оярсабаль пенальтиден ашса, 58-минутта Педро Порро испандықтардың басымдығын еселей түсті.
Ойын барысында Франция құрамасының қорғаушысы Вильям Салиба жарақат алып, оның орнына Максанс Лакруа шықты.
Осылайша, Испания құрамасы тарихында екінші рет әлем чемпионатының финалына жолдама алып отыр. Бұған дейін испандар 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен мундиалда финалға шығып, Нидерландты жеңіп, тұңғыш әрі әзірге жалғыз әлем чемпионы атанған еді.
Енді Испания 19 шілдеде АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы MetLife Stadium аренасында өтетін финалда Аргентина мен Англия арасындағы жартылай финал жеңімпазымен кездеседі.
Франция құрамасы осылайша қатарынан үшінші әлем чемпионатында финалға шығу мүмкіндігін жіберіп алды. Еске салсақ, француздар 2018 жылы Ресейде өткен мундиалда чемпион атанса, 2022 жылы Қатардағы финалда Аргентинаға есе жіберген еді.
Сонымен қатар, бұл кездесу Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам үшін тарихи матч болды. Испанияға қарсы ойын оның әлем чемпионаттарындағы бас бапкер ретіндегі 26-матчы саналып, ол осы көрсеткіш бойынша неміс маманы Хельмут Шеннің (25 матч) рекордын жаңартты.