ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

Дастан Сәтпаев 18 жасқа толып, «Челсидің» ойыншысы атанды

Бүгін, 09:43

Сәтпаевтың «Челсиге» ауысуы Қазақстан футболы үшін айтулы оқиғаға айналды

Дастан Сәтпаев 18 жасқа толып, «Челсидің» ойыншысы атанды
әлеуметтік желі

Бүгін, 12 тамызда Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Қайраттың» түлегі Дастан Сәтпаев 18 жасқа толды. Осы күннен бастап қазақстандық шабуылшы лондондық «Челсидің» толыққанды ойыншысы атанып, клуб сапында ресми түрде өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

ФИФА ережелеріне сәйкес, кәмелетке толмаған футболшылардың халықаралық трансферіне шектеу қойылған. Сондықтан Сәтпаев «Челсиге» ауысқаннан кейін 18 жасқа толуын күтуге мәжбүр болды. Енді оның лондондық клубпен келісімшарты толық күшіне енді.

Дастан Сәтпаевтың «Челсиге» ауысуы Қазақстан футболы үшін айтулы оқиғаға айналды. Жас шабуылшы «Қайрат» академиясынан түлеп шығып, қысқа уақыт ішінде ұлттық құрама мен еуропалық футболдың назарын өзіне аударды.

Сәтпаев жасөспірімдер футболында-ақ нәтижелі ойынымен ерекшеленді. QJ League додасында ол 28 матчта 27 гол соғып, 10 нәтижелі пас берген және 2024 жылғы маусымның ең үздік ойыншысы атанды.

2025 жыл қазақстандық футболшы үшін ерекше өнімді болды. «Қайрат» сапында барлық турнирде 41 матч өткізіп, 19 гол соқты. Осы нәтижесі арқылы командасының Қазақстан чемпионы атануына және Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуына үлес қосты.

Сәтпаев Чемпиондар лигасында да өз есімін тарихқа жазды. Ол «Копенгагенге» қарсы матчта гол соғып, Қазақстан футболшысы үшін айтулы жетістікке қол жеткізді.

2025 жылдың ақпанында «Қайрат» Сәтпаевтың Англияның «Челси» клубына ауысатынын ресми түрде жариялады. Алайда футболшының жасы 18-ге толмағандықтан, трансферді толық жүзеге асыру үшін біраз уақыт күтуге тура келді.

Ал 2026 жылғы жазда Сәтпаев лондондық клубтың негізгі құрамымен бірге маусым алдындағы турнеге қатысып, алғашқы мүмкіндігінің өзін тиімді пайдаланды. «Вестерн Сидней Уондерерс» командасына қарсы алғашқы матчында-ақ негізгі құрамда алаңға шығып, «Челси» сапындағы дебюттік голын соқты.

Осылайша Сәтпаев 18 жасқа толғаннан кейін «Челсидің» толыққанды ойыншысы атанып, мансабындағы жаңа кезеңге қадам басты. Енді оның алдында әлемдегі ең бәсекелі чемпионаттардың бірінде негізгі құрамнан орын алу міндеті тұр.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам