Тараптар футболшының трансфері бойынша байланыс орнатқан
Грозниялық «Ахмат» Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородовты Мәскеудің «Спартак» клубына сатуға дайын. Бұл туралы «Ахматтың» спорт директоры Руслан Газзаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда екі клуб арасында келіссөз жүріп жатқан жоқ. Алайда бұған дейін тараптар футболшының трансфері бойынша байланыс орнатқан.
«Қазіргі уақытта “Спартакпен” келіссөз жүргізіп жатқан жоқпыз. Бірақ бұған дейін келіссөздер болған. Әртүрлі себептерге байланысты трансфер жүзеге аспады. Бұл трансферлік терезеде немесе қысқы кезеңде ортақ мәмілеге келуіміз мүмкін. Егер “Спартактың” келіссөзді жалғастыруға ниеті болса, клубтар келісіп, ортақ шешім табады деп үміттенемін. Біз оған дайынбыз», – деді Газзаев Championat.ru-ға берген сұхбатында.
Осылайша, «Ахмат» Самородовтың трансферіне қарсы емес екенін ашық білдірді. Енді мәміленің жүзеге асуы екі клубтың қаржылық талаптар бойынша келісімге келуіне байланысты.
Бұған дейін «Спартак» қазақстандық футболшы үшін 4 миллион еуро ұсынғаны туралы ақпарат тараған еді. Ал «Ахмат» Самородов үшін кемінде 10 миллион еуро талап етуі мүмкін деген мәлімет бар.